Конго Республикасының шығысында жағдай әлі де күрделі. Дипломатиялық жетістіктерге қарамастан, елдің Солтүстік және Оңтүстік Киву, Итури провинциялары мен басқа аймақтарында зорлық-зомбылық жалғасуда. Бұл туралы бұұ қауіпсіздік кеңесінің отырысында Африка ісі бойынша бас хатшы көмекшісі Марта Поби мәлімдеп, ұйымның ұстанымын жеткізіп, бейбітшілікке шақырды.
Кейінгі кезде дипломатиялық бағытта ілгерілеушілік байқалды: 27 маусымда АҚШ делегациясының қатысуымен Конго мен Руанда арасында бейбіт келісімге қол қойылды, ал 19 шілдеде Конго үкіметі мен M23 тобы арасында декларация қабылданды. Дегенмен Побидің айтуынша, «қауіпсіздік жағдайы жергілікті деңгейде дипломатиялық прогрестен артта қалып отыр, тараптар әлі де Қауіпсіздік Кеңесінің 2773 резолюциясына сай міндеттерін орындаған жоқ». Гуманитарлық жағдай өте ауыр. БҰҰ дерегінше, 9-21 шілде аралығында Солтүстік Киву провинциясында M23 тобы мен Руанданың Қарулы күштерінің қатысуымен кемінде 319 бейбіт тұрғын қаза тапқан, оның ішінде 48 әйел және 19 бала бар. Медициналық орталықтар жойылып, ауылдар өртенген, егістік алынды, тұрғындар өз еркімен емес еңбекке тартылған немесе баспанасынан айырылған. Оңтүстік Киву мен Итуриде жағдай әлі тұрақсыз, әсіресе Итуриде шілде айында 185 бейбіт тұрғын қаза тауып, жүздеген адам ұрланған. Поби Конгодағы жағдайды әлемдегі ең ауыр гуманитарлық дағдарыстардың бірі деп атады. Қазір азық-түлік тапшылығы артып, 5,9 миллион адам уақытша қоныс аударуға мәжбүр болған. Гуманитарлық қызметкерлер өмірлерін қатерге тігіп, шектеулі көмек көрсетуде, ал сексуалдық зорлық пен балаларды мәжбүрлеп соғысқа тарту жалғасуда. БҰҰ өкілі барлық тарапқа азаматтардың өмірі мен қауіпсіздігін бірінші орынға қоюға шақырды. Миссия бейбітшілікке қол жеткізуге қолдау көрсетуді жалғастырып жатыр. Сондай-ақ Конго дінбасылары әзірлеген «инклюзивті диалог жол картасы» мен аймақтық экономикалық интеграция принциптері оң қадам ретінде аталады, бірақ бұл қарулы қақтығысты тоқтатудың баламасы бола алмайды. Марта Поби Қауіпсіздік Кеңесін бейбіт бастамаларды толық қолдауға шақырып, тараптарды міндеттерін орындауға, миллиондаған адам мен баланың өмірін қорғауға үндеді