Қазақстанда 2025 жылғы 1 қыркүйектен 1 қарашаға дейін халықты алғашқы медициналық-санитарлық көмек (АМСК) ұйымдарына тіркеу науқаны өтеді, деп хабарлайды turkystan.kz.
Бұл нені білдіреді?
Министрліктің мәліметінше, осы кезеңде азаматтар өз поликлиникасын таңдай немесе ауыстыра алады. Жаңа поликлиникаға тіркелгендер 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап медициналық көмек ала бастайды (егер ол ұйым Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорымен келісімшарт жасасқан болса).
Кімдер тіркеле алады?
ҚР азаматтары;
Қазақстанда тұрақты тұратын шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдар (ықтиярхаты бар болса);
ЕАЭО елдерінен (Ресей, Беларусь, Қырғызстан, Армения) келген еңбек мигранттары мен олардың отбасы мүшелері (медсақтандыру келісімі болған жағдайда).
Қалай тіркелуге болады?
eGov.kz порталы арқылы (қызмет онлайн, қарау мерзімі – 1 жұмыс күні);
Таңдаған поликлиникаға барып, өтініш беру арқылы.
Маңыздысы – бұрынғы поликлиникадан автоматты түрде шығарылады.
Өз поликлиникаңызға қайтадан тіркелу керек пе?
Жоқ. Егер ауыстыру ойыңызда болмаса, қосымша өтініш берудің қажеті жоқ.
Отбасылық тіркелу принципі
Барлық отбасы мүшесінің бір учаскелік дәрігерге тіркелгені ұсынылады. Бұл медициналық бақылаудың сапасын арттырады.
Мекенжайға қарамай таңдауға бола ма?
Жалпы алғанда, өз елді мекеніңіздің шегінде тіркелу керек. Дәрігердің үйге келуі үшін жаяу жетуге ыңғайлы (15–20 минуттық) қашықтықтағы емхананы таңдаған жөн.
Тіркеуден бас тарту себептері:
Өтініште жалған мәлімет беру;
Басқа елді мекенде тұру;
Емханадағы тіркелгендер санының лимиттен асып кетуі;
Баланы тіркеу үшін құжаттардың толық болмауы.
Тіркелгендер нормативі:
Жалпы тәжірибе дәрігері – 1700 адамға дейін;
Учаскелік терапевт – 2200 ересек адамға дейін;
Учаскелік педиатр – 500 бала (0–6 жас) немесе 900 бала (0–14 жас) дейін.
Кампаниядан тыс уақытта ауыстыруға бола ма?
Иә. Жылына бір рет еркін таңдау құқығы бойынша немесе:
тұрғылықты жерін, жұмысын не оқу орнын ауыстырғанда;
басқа елді мекенге көшкенде;
бұрынғы поликлиника жабылғанда не қайта ұйымдастырылғанда.
Науқанға қанша емхана қатысып жатыр?
Барлығы 694 медициналық ұйым тіркеу жұмыстарына қатысуда. Жыл сайын амбулаторлық-емханалық көмек көрсетушілер саны артып келеді.
Қосымша сұрақтар бойынша:
- www.msqory.kz ресми сайты
- Qoldau 24/7 мобильді қосымшасы
- Telegram-дағы SaqtandyryBot чат-боты
- Бірыңғай байланыс орталығы: 1414