Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «ШЫҰ пдюс» саммитінде ШЫҰ даму банкін құру туралы бастаманы қолдады, деп хабарлайды turkystan.kz.
Қасым-Жомарт Тоқаев ШЫҰ аясындағы қаржылық, экономикалық, инвестициялық және технологиялық ынтымақтастықты жандандыруға бағытталған барлық үдеріске Қазақстанның белсенді қатысатынын мәлімдеді.
– ШЫҰ даму банкін құру туралы бастаманы құптаймыз. Оның Ұйымға мүше елдердің экономикасын өркендетуді мақсат ететін пайдалы қаржы институты болатынына сенімдіміз. Қазақстан өңірдегі өзара байланысты одан әрі нығайту ісіне жан-жақты жәрдемдесуге дайын. «Бір белдеу, бір жол» жобасын одан әрі дамытуға және оны Еуразиялық экономикалық одақпен, сондай-ақ Солтүстік – Оңтүстік, Орта дәліз бағыттарымен ұштастыруға мұқият мән беру қажет, – деді Президент.
Мемлекет басшысының пікірінше, жасанды интеллектіні қолданудың ережесі мен этикалық стандарттарын әзірлеу өзекті мәселеге айналды.
Бұл ретте ол Қытайдың Жасанды интеллект саласындағы ынтымақтастық бойынша жаһандық ұйым құрып, штаб-пәтерін Шанхайда орналастыру ұсынысына қолдау білдірді.
Сондай-ақ Президент климат мәселесіне айрықша назар аударды.
– Бүгінгідей беделді форум аясында өте шетін, дегенмен күрделі мәселеге тоқталғым келеді. Бұл Каспий теңізінің мүшкіл хәлі. Жағдай экологиялық апатқа ұласуы мүмкін. Аталған проблема ШЫҰ аясындағы ұзақмерзімді консультацияның басым бағытына айналғаны жөн. Осы себепті бүгін Астанада ШЫҰ жанынан Су проблемасын талдау орталығын құру туралы ұсыныс айттым. Таяуда Алматыда БҰҰ Бас хатшысының қатысуымен Біріккен Ұлттар Ұйымының Орталық Азия мен Ауғанстанға арналған өңірлік орнықты даму орталығы ашылды. Бұл біздің көпжақты дипломатияға бейіл екенімізді көрсетеді. Орайлы сәтті пайдаланып, барлық серіктестерге Өңірлік экологиялық саммитті келесі жылы сәуір айында Астанада өткізу туралы шешім қабылданғанын хабарлаймын, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы сөзін қорытындылай келе, келесі жылы Ұйымның 25 жылдығы аталып өтетінін еске салды.
– Бұл маңызды әрі айтулы белес Жаңа алтын дәуірдің бастауы болатынына сенімдімін. Осы кезеңде ШЫҰ өз рөлін сөзсіз күшейтіп, заманымыздың ең өзекті мәселелеріне оң ықпал ететін болады, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.