Қазақстан-Қытай ынтымақтастығы: Аймақтарда 50 мыңнан астам жұмыс орны ашылмақ

Қазақстан-Қытай ынтымақтастығы: Аймақтарда 50 мыңнан астам жұмыс орны ашылмақ

Мемлекет басшысы Қытайдың Тяньцзинь қаласында өткен ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің отырысында Қытай басшысын ұйымға табысты төрағалық етуімен құттықтады.

Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан ШЫҰ шеңберіндегі қауіпсіздік пен тұрақтылықты, экономикалық ықпалдастық және мәдени-гуманитарлық байланыстарды нығайтуға бағытталған Қытайдың сарабдал саясатын жоғары бағалайтынын баса айтып өтті.

Қытай – Қазақстан экономикасына ең ірі инвесторлардың бірі. Бүгінде ҚХР Қазақстанға салынған инвестициялар көлемі бойынша алғашқы он елдің қатарына кіреді, жалпы көлемі 27 млрд АҚШ долларынан асты. Осы ретте «Kazakh Invest» ҰК» АҚ Жобалар департаменті директорының орынбасары Әлжан Естемесов Қазақстан мен Қытай арасындағы бірлескен инвестициялық жобалардың маңызына тоқталды.

"Бүгінде Қазақстан мен Қытай арасындағы бірлескен инвестициялық жобалардың жалпы портфелі 212 жобаны қамтиды, олардың жалпы сомасы – 60,5 млрд АҚШ доллары. Бұл жобалар шамамен 50 мың жұмыс орнын ашуды көздейді. Оның ішінде:

  • 65 жоба жалпы құны 12,3 млрд долларға іске асырылды (15,9 мың жұмыс орны),
  • 49 жоба іске асырылу сатысында (9,1 млрд доллар, 25,1 мың жұмыс орны),
  • 98 жоба пысықталуда (38,9 млрд доллар, 28 мың жұмыс орны).

Бұл жобалар Қазақстан экономикасының әртүрлі салаларын қамтиды – агроөнеркәсіп кешені, металлургия, көлік-логистика, жаңартылатын энергетика және мұнай-газ машина жасау. Мысал ретінде, Президенттің тапсырмасы аясында астықты терең қайта өңдеуге инвестициялар тарту бағытында қытайлық көпсалалы Dalian Hesheng Holdings компаниясымен келісімдерге қол жеткізілді. Компания бидайды қайта өңдеу мен ферментациялау саласында технологиялық патентке ие және озық цифрлық шешімдерді қолданады", – дейді ол.

Әлжан Естемесовтің айтуынша, аталған жоба Ақмола облысында бидайды терең қайта өңдеу бойынша тік интеграцияланған индустриялық паркті салуды көздейді. Инвестициялардың алғашқы кезеңіндегі көлемі – $500–800 млн, екінші және үшінші кезеңдерде тағы $1 млрд жұмсалмақ. Қайта өңдеу қуаты бастапқыда жылына – 1 млн тонна бидай, кейін кезең-кезеңімен 3 млн тоннаға дейін ұлғайтылады. Нәтижесінде шамамен 2 000 жаңа жұмыс орны ашылмақ.

"Инфрақұрылымдық бөлігіне көмір жылу электр станциясы мен көмір-химия кешенінің құрылысы кіреді. Көмірді қайта өңдеу нәтижесінде жылына 150–400 мың тонна сұйық аммиак өндірілмек. Жобаның іске асырылуы өңдеуші тарапынан астыққа тұрақты сұраныс қалыптастырып, солтүстік өңірлердің ауыл шаруашылығы өндірушілері үшін өткізу арналарының орнықтылығын қамтамасыз етеді. Жалпы алғанда, жоба мультипликативтік әсер береді: агросекторды жаңғыртады, логистика мен сауданың дамуын ынталандырады, сондай-ақ қосылған құны жоғары өнімдердің экспорттық әлеуетін күшейтеді. Агроөнеркәсіптік кешеннің трансформациясының тағы бір жарқын мысалы – қытайлық Fufeng Group компаниясының инвестициялық жобасы. Кукурузаны терең өңдеу бойынша әлемдік көшбасшылардың бірі болып саналатын компания Жамбыл облысында индустриялық парктің құрылысын бастады. Мұнда крахмал, лизин, натрий глутаматы және биоферментацияның өзге де өнімдері шығарылатын болады. Жобаның жалпы инвестиция көлемі $800 млн құрайды", – дейді ол.

Маман бүгінде Fufeng қазақстандық фермерлермен 300 мың тонна жүгері жеткізуге оффтейк-келісімшарттар жасасқан ынталандырады мәлімдеді. Бұл ауыл шаруашылығы өнімдеріне тұрақты сұраныс тудырып, егіс алқаптарын кеңейтуге және өнімділікті арттыруға ынталандырады.

"Компания басқармасының төрағасы Ли Сиючэнь мырзаның айтуынша, Қазақстан Fufeng өнімдерін Еуропаға экспорттау үшін негізгі хаб ретінде қарастырылады. Компанияда атап өткендей, Қытайдағы зауыттар ішкі және азиялық нарыққа, АҚШ-тағы өндіріс – Солтүстік және Оңтүстік Америка нарықтарына бағытталған, ал қазақстандық жоба Еуропаға шығу нүктесі болмақ.

2025 жылғы тау-кен кешені саласындағы ең ірі келісімдердің бірі – қытайлық East Hope Group компаниясымен серіктестік болды. Компания Павлодар және Қостанай облыстарында толық циклды алюминий кластерін құру жобасын жүзеге асырады. Жоба шикізатты өндіруден бастап дайын өнім шығаруға дейінгі барлық өндірістік процесті қамтиды, соның ішінде жылына 2 млн тонна глиноземді қайта өңдеуді көздейді. Kazakh Invest деректері бойынша, жобаның құны 12 млрд АҚШ долларынан асуы мүмкін, бұл оны Қазақстандағы ең ірі металлургиялық бастамаға айналдырады. Жоба шеңберінде энергетикалық нысандар салу және инфрақұрылымды дамыту, соның ішінде электр желілерін жаңғырту жоспарланған", – дейді ол.

Жобаның маңызы тек салалық деңгейден асып түседі: ол экспортқа бағытталған, қосылған құны жоғары тұрақты өндірістік тізбекті қалыптастырады. Сонымен қатар, шамамен 10 мың жаңа жұмыс орны құрылып, өңірлік экономиканың өсуіне ықпал етеді.

"Осыған қоса, Жамбыл облысында толық циклді болат құю зауытының құрылысы басталды. Инвестор – қытайлық Fujian Hengwang Investment Co., Ltd.. Жоба СЭЗ «Жібек Жолы» аумағында іске асырылып, жылына 3 млн тоннаға дейін болат өндіруге мүмкіндік береді. Жалпы инвестиция көлемі – $756 млн. Құрылыс кезеңінде 1,5 мыңнан астам, ал іске қосылғаннан кейін 2,5 мыңнан астам жұмыс орны ашылады. Өндірілетін өнім Қазақстанның ішкі нарығына да, Орталық Азия мен Еуропа елдеріне экспортқа да бағытталмақ. Жоба аясында Шу қаласында тұрғын үйлер салынып, әлеуметтік инфрақұрылымға қолдау көрсетіледі", – дейді маман сөз соңында.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары