Оқу-ағарту министрілігі жаңа оқу жылында орта білім беру жүйесінде қандай өзгерістер болатынын мәлімдеді.
Ведомствоның мәліметінше, 1 сыныптан бастап 11 сыныпқа дейін барлық оқушылар үшін оқыту үрдісіне жасанды интеллект негіздері енгізілуде.
Мұндағы басты мақсат балаларды ЖИ базалық технологияға айналған бүгінгі қоғамда оны сауатты басқару мен қолдануға үйрету. ЖИ негіздері оқушылардың жас ерекшеліктерін ескере отырып енгізіледі. ЖИ қолдану мен оның этикасын түсіндіретін интерактивті модульдерден тұратын «Day of AI» онлайн курсы барлық оқушылар үшін қолжетімді болады.
10-11 сыныптан бастап қазақстандық оқушыларға бастапқы кәсіби біліктілік беретін ерте бейіндік бағдарлау жүзеге асырыла бастайды. Ал заманауи жаңа стандарттарға сай білім беруге бағытталған Келешек мектептерінде 7-сыныптан бастап оқушыларға кәсіби бағдар беру қолға алынады. Қазір «Маман» деп аталатын арнайы платформа әзірленіп, жетілдіріліп жатыр. Оған сәйкес әр баланың икемі, қызығушылығы, мүмкіндігі ескеріліп, бағдарлау жұмыстары жүргізіледі.
Меншік нысанына қарамастан, барлық білім беру ұйымдарына «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасы енгізіледі. Ол биылғы жылы Президент тапсырмасына сәйкес жалпыұлттық құндылықтар мен Абай философиясына негізделіп қайта жаңғыртылған болатын. Барлық білім беру ұйымдарында бірыңғай визуалды ортаға арналған брендбук әзірленіп, бірыңғай дизайн-код енгізілуде.
Мектептер мен колледждерде буллингке қарсы «ДосболLIKE» бағдарламасы іске қосылады. Сондай-ақ мектептерде ыстық тамақ ваучерлік жүйе арқылы, «Әлеуметтік әмиян» негізінде төленетін болады. 2025 жылдың соңына дейін балалардың мүддесін басты назарға алатын «Қазақстан балалары» біртұтас бағдарламасы қабылданады.