Тәжікстан Президенті Қазақстан СІМ басшысын қабылдады

Тәжікстан Президенті Қазақстан СІМ басшысын қабылдады
gov.kz

Тәжік тарапының шақыруымен ҚР Премьер-министрінің орынбасарыСыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу Душанбе қаласына жұмыс сапарымен барды.

Сапар аясында Қазақстан сыртқы саяси ведомствосының басшысы Тәжікстан Республикасының Президенті Эмомали Рахмонның қабылдауында болды.

Тәжікстан басшысы соңғы жылдары екіжақты өзара іс-қимылдың жоғары деңгейге жеткенін қанағаттанушылықпен атап өтіп, Қазақстанмен жан-жақты ынтымақтастықты одан әрі дамыту арқылы қазақ-тәжік стратегиялық серіктестігі мен одақтастығын нығайтудың маңыздылығына ерекше тоқталды. Э.Рахмон Қазақстан Президентінің өңірлік ынтымақтастықты тереңдетуге бағытталған сындарлы бастамаларын оң бағалап, оларды қолдайтынын айтты.

Өз кезегінде М.Нұртілеу Тәжікстан көшбасшысына Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың жылы сәлемі мен ізгі тілектерін жеткізді, сондай-ақ биік және жоғары деңгейдегі уағдаластықтардың жүзеге асырылу барысы туралы хабардар етті.

Кездесуде қос мемлекет көршілермен теңгерімді және болжамды қарым-қатынастар орнату арқылы Орталық Азия өңірінің бірлігі мен ынтымағын нығайтуды қолдайтыны аталып өтті. Тараптар өңірлік ортақ мүдделерді әрдайым басымдық ретінде қарастыратынын мәлімдеді.

Кездесудің маңызды нәтижесі ретінде Президент Э.Рахмон ХХІ ғасырда Орталық Азияны дамыту мақсатындағы достық, тату көршілік және ынтымақтастық туралы шартқа қол қойды. Бұл қадам өңірлік ынтымақтастық пен орнықты дамудың жаңа кезеңін ашатын тарихи меже болды.

Шарт ережелерін іске асыру өзара тиімді, жан-жақты серіктестікті жандандыруға елеулі серпін береді деп күтілуде.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары