БҚО қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында Эльвира Еркебаева мен Максим Кузнецовқа қатысты үкім шықты.
Өткен жылдың тамыз айында басталған сот талқысында Э.Еркебаева мен М.Кузнецовқа ҚР ҚК 28-бабының 3-бөлігі, 28-бабының 5-бөлігі, 24-бабының 1-бөлігі, 99-бабының 2-бөлігі, 7), 8-тармағына (аса ауыр қылмысқа дайындалу) сәйкес айып тағылған болатын.
Тергеу деректеріне қарағанда, Э.Еркебаева бұрынғы күйеуі Ербол Еркебаевты өлтіруді ұйымдастырмақ болып шешкен. Осы мақсатта киллер жалдап, ол 2 млн теңгеге күйеуін өлтіруі тиіс болған. Бұған М.Кузнецов көмектескен. Әйелдің бұл ойы жүзеге аспай, М.Кузнецов екеуі ұсталған болатын.
БҚО қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотынан мәлім еткеніндей, алайда Э.Еркебаева мен М.Кузнецов алқабилердің үкімімен ҚР ҚК 287-бабы 4-бөлігіне (адамдар тобының алдын ала сөз байласуымен қаруды заңсыз иемдену) сәйкес кінәлі деп танылды.
Сот заң талаптарын негізге ала отырып, Э.Еркебаева мен М.Кузнецовқа аталған бапта көзделген ең аз 3 жыл бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. ҚР ҚК-нің 63-бабы қолданыла отырып, бұл жаза шартты деп танылды.
Сотталушылар сот залында босатылды.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.