Шымкентте колледжге бөлінген бюджет қаражаты заңсыз иемделінген

/
Шымкентте колледжге бөлінген бюджет қаражаты заңсыз иемделінген
istockphoto

Шымкент қаласы бойынша Ішкі мемлекеттік аудит департаменті «Оңтүстік Қазақстан жоғары медициналық колледжі» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде ішкі аудит жүргізді. Тексеру қорытындысы бойынша жалпы сомасы 204,1 млн теңге көлемінде қаржылық бұзушылықтар анықталды, оларды мемлекеттік бюджетке өтеу қажет. Аталған соманың ішінде аудит барысында 3,0 млн теңге өндіріп алынды.  

Тексеру барысында 2021–2025 жылдары Колледжде заңнама талаптарын бұза отырып, білім алушылардың тамақтану, тұру және оқу әдебиетін сатып алу шығындарын ішінара өтеуге бөлінген бюджет қаражаты заңсыз иемденілгені анықталды. Заңсыз иемденудің жалпы сомасы 203,1 млн теңгені құрап, ол 286 студентке қатысты болды.

Атап айтқанда:

• 2021 жылы — 71 студентке арналған 11,9 млн теңге;
• 2022 жылы — 160 студентке арналған 19,1 млн теңге;
• 2023 жылы — 235 студентке арналған 43,8 млн теңге;
• 2024 жылы — 210 студентке арналған 78,3 млн теңге;
• 2025 жылдың алғашқы алты айында — 206 студентке арналған 50 млн теңге.

— Алты жағдайда жалпы сомасы 310,2 мың теңге мөлшерінде мемлекеттік стипендияларды артық төлеу фактілері, сондай-ақ екі жағдайда 712,0 мың теңге көлемінде мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша артық аударымдар анықталды. Аудит қорытындысы бойынша анықталған заңбұзушылықтарды жою және осы бұзушылықтарға жол берген лауазымды тұлғаларды жауапкершілікке тарту мәселесін қарау жөнінде нұсқама берілді, — делінген, Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Ішкі мемлекеттік аудит комитеті тараиқан ақпаратта. 

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары