31 тамыз несиесі бар қазақстандықтар үшін маңызды күн болмақ

/
31 тамыз несиесі бар қазақстандықтар үшін маңызды күн болмақ
istockphoto

Кредитті уақытынан бұрын өтеу мәселесі көпшілік үшін өзекті. Бұған дейін банк қарызды мерзімінен бұрын төлегені үшін айыппұл салуға құқылы еді. Егер несие бір жылға дейінгі мерзімге берілсе, алғашқы алты айда; ал егер бір жылдан ұзақ мерзімге берілсе, алғашқы бір жыл ішінде қарызды ерте жапқандарға қосымша шығын жүктелетін.

Бұл талап жеке адамдар үшін енді күшін жойды. 2025 жылдың 31 тамызынан бастап айыппұл тек заңды тұлғаларға ғана қолданылады. Ал жеке тұлғалар үшін кез келген уақытта қосымша төлемсіз қарызды жабу мүмкіндігі бар, деп жазады turkystan.kz Ozgeris.info-ға сілтеме жасап.

Несие мерзімінен бұрын төленгенде, әдетте банк екі жол ұсынады. Біріншісі қарыз мерзімін қысқартып, ай сайынғы төлемді шамамен сол қалпында қалдыру. Бұл нұсқа артық төлемді азайтуға және қарызды тезірек жабуға мүмкіндік береді. Екіншісі ай сайынғы төлемді азайтып, мерзімді бұрынғыдай қалдыру. Бұл жағдайда үнемдеу аз, бірақ бюджетке жеңіл болады. Таңдау әркімнің жағдайына байланысты: егер бастысы пайыздан үнемдеу болса, мерзімді қысқартқан жөн, ал егер ай сайынғы жүктемені азайтқыңыз келсе, төлемді төмендетесіз.

Мерзімінен бұрын төлеудің пайдасы айқын: артық төлем азаяды, қарыз тез жабылады, қаржылық еркіндікке ертерек шығасыз. Дегенмен, тәуекелдері де бар. Біріншіден, альтернативті шығын туындайды: қарызға жұмсалған ақшаңызды «қауіпсіздік жастығына» немесе инвестицияға сала алмайсыз. Екіншіден, кейбір бағдарламалардан (кэшбэк, бонус) айырылып қалуыңыз мүмкін. Үшіншіден, рәсімдік талаптарды сақтамасаңыз, нәтижесі көңілден шықпайды: мерзім қысқармай, тек төлем азаюы мүмкін. Төртіншіден, барлық қаражатты қарызға бағыттап, төтенше жағдайда ақшасыз қалу қаупі бар.

Сондықтан несиеyi уақытынан бұрын өтеу дұрыс шешім, бірақ әркім өзінің қаржылық жоспарына, кіріс-шығынына және болашақтағы қажеттіліктеріне қарай ой елегінен өткізуі тиіс.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары