«Қиын диагноз қойылды»: Жұлдыз Әбдікәрімова қалай босанғанын айтып берді

/
«Қиын диагноз қойылды»: Жұлдыз Әбдікәрімова қалай босанғанын айтып берді
Әлеуметтік желіден

Актриса Жұлдыз Әбдікәрімова жүктіліктің соңғы апталарында оңай болмағанын айтты. Оның айтуынша, 37-аптада жасалған тексеріс кезінде дәрігерлер күмәнді жайттарды байқап, алаңдаушылық білдірген, деп хабарлайды turkystan.kz.

«Краевая плацентация, жамбаспен келу, кіндік бауы екі рет оралған» деген диагноз қойылып, дәрігері шұғыл түрде кесар тілігіне дайындай бастаған. «Бойымнан суық тер шығып, ойым сан-саққа кетті. Дәрігер: “Бұл – оңай емес, сіз өз өміріңізді де, баланың өмірін де тәуекелге қоясыз” дегенде ғана есімді жидым», – дейді ол.

Алғашқыда «толық предлежание» қойылған ол уақыт өте келе «төмен орналасу» диагнозына ауысқан. Соған қарамастан Жұлдыз табиғи жолмен босануға бекініпті.

«Төрт рет табиғи жолмен босанған мен үшін кесар тілігі жат көрінді. Көп профессорлардың лекциясын тыңдап, біраз ақпарат жинадым. Ішкі түйсігім: “Жақсы болады” деп сендірді», – дейді ол.

38-аптасында ота жасалатын күнді белгілеп, бірақ дәрігерінен тағы уақыт сұраған.

«Түн ұйқым қашып, уайымнан көз іле алмадым. Қайтадан УДЗ жасаттым. Таңғаларлық жағдай болды – баланың жағдайы дұрысталып, алдыңғы диагноздар расталмады. Дәрігерлер консилиум өткізіп, “толғақты күтеміз” деген шешім шығарды», – деп еске алды ол.

Актрисаның айтуынша, 39-аптаның таңында ерекше сезіммен оянған.

«Ертерек тұрып, самса пісірдім, үй жинадым, киім үтіктедім. Өзімді ерекше бір қуанышқа дайындап жүргендей болдым. “Әй, осы бүгін босанатын шығармын” деп дәрігеріме хабарластым. Содан перзентханаға жеттім», – дейді ол.

Жұлдыз Әбдукәрімова бұл тәжірибесі арқылы әйелдерге бір ғана ой айтқысы келетінін жеткізді.

«Қандай қиын диагноз қойылса да, ең бастысы – сенім мен ішкі түйсікті жоғалтпау. Ал дәрігерлердің қырағы бақылауы – ананың да, баланың да амандығының кепілі».

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары