Шымкенттегі ХҚКО-ның бұрынғы басшысы тергеу изоляторында қайтыс болды

/
Шымкенттегі ХҚКО-ның бұрынғы басшысы тергеу изоляторында қайтыс болды
istockphoto

Шымкентте №2 мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығының (ХҚКО) бұрынғы басшысы Жомарт Мурашимов қамауда отырған кезде қайтыс болды. Ол жүргізуші куәлігін заңсыз беру схемасын ұйымдастырды деп айыпталған, деп хабарлайды turkystan.kz Kazinform-ға сілтеме жасап.

Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің мәліметінше, 18 тамызда 37 жастағы айыпталушы жұбайымен кездесуден кейін өзін нашар сезінген. №69 мекеменің дәрігерлері алғашқы көмек көрсетіп, жедел жәрдем шақырған. Мурашимов Шымкенттегі №1 қалалық ауруханаға жеткізіліп, "цереброваскулярлық бұзылыс" диагнозымен реанимацияға жатқызылған. Алайда ол 19 тамыз күні таңертең көз жұмды.

Адвокат Талғат Есімовтің айтуынша, Мурашимовтың өлімі оның ауыр денсаулық жағдайына қарамастан қамауда ұстау мерзімін бірнеше рет ұзартудың салдары болуы мүмкін. Қорғаушысы сотқа айыпталушының медициналық құжаттарын ұсынып, бұлтартпау шарасын үй қамағына немесе кепілге ауыстыруды сұрағанымен, судья өтінішті қанағаттандырмаған.

Жомарт жеке адамға қарсы қылмыс жасады деп айыпталмады, тек экономикалық сипаттағы қылмысқа күдіктелді. Біз сотқа денсаулығына қатысты қауіп барын дәлелдедік. Бірақ тергеу судьясы изолятордың медициналық бөлімінің басшысы берген "денсаулығы бақылауда" деген анықтамаға сүйеніп, өтінішімізді қабылдамады. Енді оның өліміне кім жауап береді? – деді адвокат.

Осыған байланысты қорғаушы Бас прокуратураны қамаудағы айыпталушылардың денсаулық жағдайын бағалау тәртібіне назар аударуға және медициналық бөлім басшысына қатысты тергеу жүргізуге шақырды.

Бұған дейін Қаржы мониторингі агенттігі 2023-2024 жылдары Мурашимов пен серіктестері емтихансыз жүргізуші куәлігін беру бойынша заңсыз схема ұйымдастырғанын хабарлаған еді. Пара мөлшері 150-400 мың теңге аралығында болған. Кемінде 500 адам осы жолмен жүргізуші куәлігін алған. Тергеу барысында 15 күдікті анықталып, іс шілде айының соңында сотқа жіберілген.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары