Туризм және спорт министрі спорт ардагерлерінің бірінші республикалық форумында аты аңызға айналған спортшыларды, жаттықтырушыларды және спорт қайраткерлерін кәсіби мерекемен құттықтады.
Іс-шараға Олимпиада чемпиондары мен жүлдегерлері, әлем чемпиондары, отандық спорттың дамуына елеулі үлес қосқан еңбек сіңірген жаттықтырушылар мен мамандар қатысты.
«Жыл басынан бері спорт ардагерлеріне жүйелі қолдау көрсету бағытында белсенді жұмыс жүргізіп келеміз. Менің тапсырмам бойынша өңірлердегі барлық спорт ардагерлерінің бірыңғай тізімін жасау басталды. Осы арқылы біз ардагерлерге қандай қолдау шараларын жүзеге асыруға болатынын анықтай аламыз. Алдағы уақытта әкімдіктермен, спорт федерацияларымен және басқа да құзырлы органдармен бірлесіп қолдау тетігі қалыптасады. Оның ішінде жұмыспен қамтуға жәрдемдесу, медициналық көмек көрсету және бұқаралық спортты дамытуға тарту мәселелері бар. Сіздердің есімдеріңіз еліміздің спорт тарихына алтын әріптермен жазылған. Біз қазірдің өзінде біраз ардагерге қолдау көрсетіп отырмыз және бұл бағыттағы жұмыс жалғасын табады», – деді министр.
Сонымен қатар министр бүгінде спорттық мансабын аяқтаған танымал спортшылардың көбі спорт менеджменті мен мемлекеттік басқару саласына тартылып жатқанын атап өтті. Олардың дені қазір спорт басқармалары мен федерацияларды басқарып отыр. Сала мамандары қызметке тағайындалмас бұрын өңірдегі немесе федерациядағы спортты дамыту жоспарын кәсіби тәжірибесіне сүйене отырып ұсынады. Бұл шара спорттағы сабақтастықты қамтамасыз етіп, тәжірибе алмасуға жол ашады.
Айта кетейік, Спорт күніне орай елімізде 150-ден астам іс-шара өтеді. Олардың басым бөлігі министрліктің ұсынысы бойынша спорт ардагерлері мен еңбек сіңірген жаттықтырушыларды ұлықтауға, сондай-ақ бұқаралық және балаларға арналған спорттық іс-шараларға бағытталған.
Отандық спортты дамыту ісіне спорт ардагерлерінің қатысуы – саладағы сабақтастықты дәріптеп қоймай, сонымен қатар мықты әрі кәсіби жүйе қалыптастыруға үлес қосады.