Қазақстандық былғары қолғап шеберлері дүбірлі додаға әзірлігін Алматы облысында жүргізіп жатыр.
Қазақстан бокс федерациясының мәліметінше, аталған жиынға тек таңдаулы боксшылар шақырылған. Әр салмақ дәрежесінде 4 спортшыдан келді.
– Былғары қолғап шеберлері 26 тамызда Ұлыбританияға аттанады. Біріншілік алдында Шеффилд қаласында бірлескен оқу-жаттығу жиыны өтеді. Оған Франция, Швеция, Норвегия, Германия, Литва, АҚШ, Косово, Филиппин, Польша, Ирландия, Үндістан құрамалары қатысады деп күтілуде, - деп мәлім етті Қазақстан ерлер құрамасының бас жаттықтырушысы Қайрат Сәтжанов федерацияға берген сұхбатында.
Оның айтуынша, әлем чемпионатына Қазақстан құрамасы әлі толық жасақталған жоқ. Бірнеше салмақтағы қатысушыларды осы жиында қарастырады.
Әлем чемпионаты 4-14 қыркүйек аралығында Англияның Ливерпуль қаласында өтеді.