Аляскадағы Путин мен Трамптың кездесуі қалай өтті

/
Аляскадағы Путин мен Трамптың кездесуі қалай өтті
Фото: POOL

Аляскада Ресей басшысы Владимир Путин мен АҚШ президенті Дональд Трамп арасында келіссөздер өтті.

Кездесу 2 сағат 45 минутқа созылды. Келіссөздер шағын құрамда, "үште үш" форматында өтті. Кездесуге екі президенттен бөлек АҚШ-тың мемлекеттік хатшысы Марко Рубио және Трамптың арнайы өкілі Стив Уиткофф, Ресей тарапынанелдіңсыртқы істер министрі Сергей Лавров пен Путиннің көмекшісі Юрий Ушаков қатысты.

Тараптар Украина қақтығысын реттеудің кейбір тармақтары туралы түсінікке қол жеткізді. Жаңа кездесу туралы да келісті.

Кездесу қорытындысы

Кездесу қорытындысы бойынша өткен баспасөз мәслихатында президенттер журналистердің сұрақтарына жауап бермеді. Соңында олар қол алысты.

Владимир Путин әріптесіне Аляскаға келу туралы ұсынысы үшін алғыс айтып, олардың кездесу орнының символдық мәнін атап өтті. Бұл аймақ екі елді де әртүрлі кезеңдерде тығыз байланыстырды. Екінші дүниежүзілік соғыс жылдарындағы ынтымақтастық та айрықша маңызды болды – атап айтқанда, түбекте кеңес ұшқыштары жерленген. Путин АҚШ билігі мен жергілікті тұрғындарға батырлардың рухына лайықты құрмет көрсеткені үшін ризашылығын білдірді. Путин АҚШ пен Ресей ортақ тарихы бар жақын көрші екенін еске салды.

Сондай-ақ ол қақтығысты реттеуге қосқан еңбегі үшін Трампқа алғыс айтты. Тараптар арасында түсіністікке қол жеткізілгенін атап өтті. Ресей басшысы бұл Украинада бейбітшілікке жол ашатынына үмітті.

Путин Ресейдің Украина қауіпсіздігі жолында жұмыс істеуге дайын екенін мәлімдеді.

"Украин халқы — біздің бауырлас халқымыз. Ресей Украинадағы қақтығысты тоқтатуға шын ниетімен мүдделі. Дағдарыстың барлық бастапқы себебі жойылуы тиіс. Киев жанжалды реттеуге бағытталған прогреске кедергі келтірмейді деп үміттенеміз", — деді Путин.

Әзірге мәміле болған жоқ, бірақ оған мүмкіндік бар

Мәскеу мен Вашингтон кейбір тармақтар бойынша келісімге келді, деді Трамп.

"Ең бастысы – бізде бейбітшілікке қол жеткізуге жақсы мүмкіндік бар", – деп ерекше атап өтті ол.

Сонымен қатар АҚШ басшысы Украинаға қатысты "ең маңызды тармақ" бойынша Ресеймен келісім болмағанын айтты. Дегенмен ол қай мәселе туралы сөз болып отырғанын нақтылаған жоқ.

"Мақсатқа толық қол жеткізе алмадық. Өкінішке қарай әзірге келісім жоқ", – деп мойындады ол.

Трамп сондай-ақ кездесудің қорытындыларын еуропалық одақтастарымен және Киевпен талқылайтынын айтты.

Осылайша президенттер сөздерін аяқтады. Баспасөз мәслихатынан кейін журналистер тағы бір жаңалықты білді. Делегациялар жоспарланған таңғы асқа бармайтын болды. Келіссөздер жоспарланған уақыттан ертерек аяқталды. Бірақ соған қарамастан, батыс БАҚ-тарының басым бөлігі атап өткендей, Путин мен Трамп "тоғысатын нүктелерді таба алды" және бейбітшілікке қарай маңызды қадам жасады.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары