Шығыс Қазақстан облысында шомылу маусымы басталғалы алты адам суға батып кетті.
-Қайғылы жағдайдың барлығы шомылуға тыйым салатын белгі орнатылған жерлерде болды,-деп мәлімдеді ШҚО ТЖД бастығының орынбасары Исхар Савазов.
Құтқарушылардың мәліметтеріне қарағанда, өңірде қауіпсіз демалыс үшін 25 жағажай ұйымдастырылған. Ал суға түсуге тыйым салынған орындар саны - 74. Қайғылы жағдайлардың көпшілігі сол тыйым салынған орындарда болады. Ондай жерлер тексерілген және ол жерлерде көбіне күрт терең болып кететін, су астында шұңқырлар, қатты ағыс, мұздай су кездесетін жерлер болады.
- Адамдардың суға батуының басты себебі қарапайым қауіпсіздік ережелерін сақтамау, өз күшін асыра бағалау болып табылады. Адамдар ескертулерді елемей, өмірлері мен денсаулықтарын қатерге тіге отырып, судың қауіпті бөліктеріне барады,-деді Исхар Савазов.
Оның сөзінше, өмірлерін қауіпке тіккеннен бөлек адамдарға әкімшілік айыппұл салынуы мүмкін. Биыл жаз маусымы басталғалы 32 адамға айыппұл салынды.
Қайғылы жағдайлардың алдын алу үшін ШҚО Төтенше жағдайлар департаментінің өкілдері еріктілермен және жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, тұрақты рейдтер ұйымдастырып тұрады. Жаз басталғалы олар 1 320-дан астам түсіндіру жұмыстарын жүргізген.