309
Шығыс Қазақстандағы энергия желісінің 76 пайызы тозған
Шығыс Қазақстандағы энергия желісінің 76 пайызы тозған
Шығыс Қазақстан облысындағы электр энергиясын тасымалдайтын жалпы құрылғылардың 76 пайызы тозып тұр. Яғни 18 мың шақырым желі мен 60 станция жаңалануы тиіс. Осының кесірінен соңғы кезде аймақта жарық жиі өшеді. Алыс аудан-ауылды айтпағанда, облыс орталығы Өскеменнің өзіндегі трасформаторлық қосалқы стансалар кейде істен шығады деп хабарлайды Хабар арнасы.
Ал аймақтағы энергетикалық компания мамандары кей желілер мен қосалқы стансалардың жаңармағанына 40-50 жыл болғанын айтады. Ел дамуындағы ең өзекті саналатын салаға жаңғырту жұмыстары қашан жүргізіледі?
Өңірдегі энергия төңірегіндегі ең негізгі әрі қауіпті проблема тұтынушыларға қатысты болып тұр. Әсіресе Өскеменнің өзіндегі кейбір көп қабатты үйлердің кіреберісіндегі электр сымдардарынан адам шошырлық. Ашық-шашық жүйелерді тұрғындардың өздері жөндейді. Ал оның соңы кейде қайғылы жағдайға әкеп соқтырады. Осындай немқұрайлылықтан жыл басынан бері 68 үй өртенді.
Кейбір трансформаторлық қосалқы станциялар өткен ғасырда қойылған. Қаладағы 1600-ден астам көпқабатты үй мен әлеуметтік нысандарға энергия таратушы жүйелер мен құрылғылар әбден ескіргендіктен, жүктемені көтермей қалады.
Константин Дыкин, облыстық ТЖД өрт зертханасының инженер-сынақшысы:
-Бұрын салынған үйлердегі ішкі, сыртқысымдар көбі шектік мөлшердегі электр жүктемесіне есептелмеген. Ал қазір тұтынушылардың саны өскен сайын жалпы энергия жүйесіне де ауыртпалық түседі. Сондықтан кей жағдайларда кабельдер қызып, өрт шығады.
Өрт шықпас үшін ұсақ кабельдерден бастап, жоғары кернеулі жүйлерді үнемі жаңалау қажет. Аймақта 35 мың шақырым электр желісі, 313 қосалқы станция бар. Бүгінде оның 76 проценті ескі. Яғни 18 мың шақырым желі мен 60 станция жаңалануы тиіс. Энергетика басқа салаларға қарағанда 10-15 пайыз ілгері дамуы тиіс. Себебі елдің жан-жақты дамуы тікелей энергия көзіне тәуелді. Сондықтан тозған желілер мен қосалқы станцияларды үнемі жаңалау ерекше стратегиялық маңызға ие. Аймақтық энергия тасымалдаушы компания тек ескірген құрылғыларды жаңартуға жыл сайын 500 миллион теңге бөлгенімен ол жеткіліксіз болып отыр.
Желілер мен трасформаторлық станциялардың ескілігінен энергия тасымалдаушы компания жыл сайын 2 миллиард теңгенің қуатын жоғалтады. Оның басты себебі облыста қазір 1031 шақырым желі мен 13 станция иесіз тұр. Ал аймақта тағы ұсақ 19 мекеме энергия тасымалдайды. Егер олар біріктіріліп, бір жерден басқаруға берілсе, энергия көзі бірден 1 миллиард киловатт сағатқа артады.
Руслан Қарманов, энергетикалық компанияның басқарма төрағасы орынбасарының міндетін атқарушы:
-Егер ұсақ компанияларды біздің қарамағымызға өткізген жағдайда қуат көзі артады. Бұл бір. Екіншіден, құрылғыларды жаңартуға арналған инвестициялық әлеуетіміз әлденбек.
Еліміз бойынша гидростанциялар ең көп шоғырланған өңірде электр бағасы да тоқсан сайын өседі. Аймақтағы бірден-бір монополист «Шығысэнерготрейд» компаниясы 1 киловатт сағат энергияны қазір тұтынушыларға 8-16 теңге аралығында сатып отыр. Бірақ соған қарамастан тарифті өсіруге осы айда тағы өтінім берді.