Астанада Абайдың 180 жылдығына орай 5 мың оқушы ұлы ақынның "Желсіз түнде жарық ай" әнін орындады, деп хабарлайды turkystan.kz әкімдіктің ресми сайтына сілтеме жасап.
Іс-шараның мақсаты – Абайдың шығармашылық мұрасын кеңінен насихаттау. Ол үшін алаңға орта және музыка мектептерінің оқушылары жиналды.
5 мыңға жуық оқушының бәрі "Абай-180 жыл" жазуы бар футболка киіп, әнді орындап біткен кезде қолдарына ұстаған көк қағаздарды жоғары көтерді.
Осылайша, жоғарыдан қарағанда "Абай" деген жазу шықты.
Айта кетері, 10 тамыз – ұлы қазақ ақыны, ағартушы және философ Абай Құнанбайұлының туған күні. Астанада ұлы ойшылдың 180 жылдығына арналған ауқымды іс-шаралар жыл басынан бері өткізіліп келедi. Ал негізгі мерейтолық шаралары Абай облысында Қарауыл төбеде өтіп жатыр.