Тараз қаласында тәртіп сақшылары құны шамамен 30 миллион теңге болатын автокөлікті заңсыз иеленуге бағытталған ірі алаяқтық әрекетін дер кезінде әшкереледі, деп хабарлайды turkystan.kz.
Полицияның жедел әрі үйлесімді іс-қимылының нәтижесінде көлік қысқа уақыт ішінде табылып, заңды иесіне қайтарылды. Павлодар қаласының тұрғыны Алматыдағы автосалондардың бірінен LI-9 жаңа автокөлігін сатып алып, барлық қажетті құжаттарды рәсімдегеннен кейін оны үйіне жеткізу үшін эвакуатор қызметін пайдалануға шешім қабылдаған.
Алайда тасымалдау барысында бөтен адам өзін көліктің иесі ретінде таныстырып, қулығын іске асыруға тырысқан. Эвакуатор автосалоннан шыққан сәтте жүргізушіге бейтаныс азамат қоңырау шалып, өзін Николай деп таныстырған. Ол көліктің иесі екенін және эвакуатор қызметінің бір бөлігін төлегенін айтып, бағытты өзгертуін сұраған. Сондай-ақ көлікті қаладағы тұрақтардың бірінде қалдыруды өтінген. Аңғалдық танытқан жүргізуші оның айтқанын орындаған. Осыдан кейін алаяқ екінші эвакуатор шақыртып, автокөлікті қала сыртына шығарған, - деп атап өтті ведомстводан.
Бұл уақытта шынайы иесі GPS қадағалау жүйесі арқылы көліктің жоспарланған бағыттан ауытқығанын байқап, дереу полицияға хабарласқан. Жедел басқару орталығы оқиға туралы мәліметті Жамбыл облысы полиция департаментінің барлық патрульдік экипаждарына жеткізген.
Патрульдік полиция батальоны мен жедел басқару орталығы қызметкерлерінің үйлесімді жұмысының арқасында көлік көп ұзамай табылып, иесіне қайтарылды. Күдікті автокөлікті қаладағы автосервиске апара жатқан жерінен ұсталды.
Ол көлікті автосервиске өткізіп, ізін жасырып әрі кейін сатуды көздегені анықталды. Көлік иесі Николай Киселев тәртіп сақшыларына шынайы алғысын білдіріп, олардың жедел әрі кәсіби әрекеті арқасында көлігі аман қалғанын атап өтті.