Тоқаев Әзербайжан мен Армения қол қойған келісімді тарихи жетістік деп санайды

/
Тоқаев Әзербайжан мен Армения қол қойған келісімді тарихи жетістік деп санайды
Фото: Ақорда

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Вашингтонда Әзербайжан мен Армения елдері арасында қол қойылған келісімді тарихи жетістік деп санайды, деп хабарлайды мемлекет басшысының баспасөз хатшысы Руслан Желдібай.

"Аталған құжат қос мемлекет арасындағы ұзаққа созылған әскери қақтығысты түбегейлі тоқтатып, дипломатиялық қатынас орнатуға және берік бітім негізінде ынтымақтастықты дамытуға жол ашты", - дейді президент.

Мемлекет басшысының пікірінше, Әзербайжан мен Арменияның мұндай келісімге қол қоюы – АҚШ президенті Дональд Трамптың тегеурінді әрі тиімді бітімгерлік миссиясының арқасы. Ол Әзербайжан және Армения басшыларын саяси ерік-жігер танытып, стратегиялық тұрғыдан көреген шешім қабылдауға көндіре алды.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан да екі ел арасындағы осынау маңызды уағдаластыққа қол жеткізуге елеулі үлес қосты деп санайды.

Еліміз бейбіт келісімнің негізгі шарттарына қатысты сыртқы істер министрлерінің деңгейіндегі келіссөз алаңы ретінде Алматы қаласын ұсынды. Министрлер арасындағы келіссөздер Алматыда өтті.

Айта кетсек, Әзербайжан мен Армения басшылары АҚШ-та Трамптың қатысуымен декларацияға қол қойды. Олар дипломатиялық қарым-қатынасты жандандырып, әскери текетіресті тоқтатуға келісті.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары