Атыраулық 80 жастағы зейнеткер сегіз баласы мен бір немересінен алимент өндіріп беруді талап етіп, сотқа шағымданды, деп хабарлайды облыстық сот.
Зейнеткердің 8 баласы, бір немересі бар. 10 жылдан астам уақыт жалғыз тұрады. Туыстарының ішінде бір ұлы ғана хабарласып тұрса, қалған балалары мен немересі ешқандай материалдық, моральдық қолдау көрсетпеген.
"Зейнеткердің айтуынша, денсаулығы мен материалдық жағдайының нашарлауына байланысты ол туыстарының көмегіне зәру", - дейді соттағылар.
"Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы" Кодекстің 145-бабының 1-тармағына сәйкес кәмелетке толған еңбекке қабілетті балалар көмекке мұқтаж еңбекке жарамсыз ата-аналарын асырауға және оларға қамқорлық жасауға міндетті.
Ал Кодекстің 153-бабына сәйкес, көмекке мұқтаж еңбекке жарамсыз қариялар өздерінің кәмелетке толған еңбекке қабілетті балаларынан немесе жұбайынан немесе бұрынғы жұбайынан алимент алу мүмкін болмаған жағдайда, еңбекке қабілетті кәмелетке толған немерелерінен алимент алуды сот тәртібімен талап етуге құқылы.
"Атырау қалалық соты тараптардың әрқайсысының материалдық және отбасылық жағдайына талдау жасап, зейнеткердің талаптарын ішінара қанағаттандырды. Сот зейнеткердің тамағы мен дәрі-дәрмегі үшін 8 баласы мен немересінің әрқайсысынан 3 АЕК мөлшерінде алимент өндірді", - деп хабарлады сот.
Сот шешімі заңды күшіне енген жоқ.