«AMANAT» партиясы жұмысшы әйелдердің әлеуметтік мәртебесін көтеруге айрықша көңіл бөледі

/
«AMANAT» партиясы жұмысшы әйелдердің әлеуметтік мәртебесін көтеруге айрықша көңіл бөледі

«AMANAT» партиясының хатшысы, партия жанындағы Әйелдер қанатының төрағасы Шолпан Каринова және Ұйымдастыру және аумақтық жұмыс департаментінің директоры Жанар Бектаева Батыс Қазақстан облысына жұмыс сапарымен барды. Партия өкілдері өңірдегі ірі өндіріс орындарында еңбек ететін әйелдермен кездесті.

Еске салайық, 2025 жыл ел көлемінде «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жарияланған болатын. Осыған орай «AMANAT» партиясы жастар арасында сұранысқа ие мамандықтарды дәріптеу, жұмысшы мәртебесін көтеру мақсатында түрлі іс-шараларды жүзеге асырып келеді. Атап айтқанда, бос жұмыс орындары жәрмеңкелері, семинарлар, оқыту курстары мен мемлекеттік бағдарламаларды насихаттауға арналған кездесулер ұйымдастырылуда.

Осы ретте «AMANAT» партиясының хатшысы Шолпан Каринова Орал қаласындағы «Зенит» АҚ, «Жайықжылуқуаты» АҚ, «Батыс Қазақстан машина жасау компаниясы» АҚ, «Желаев нан өнімдері комбинаты» АҚ, «Кублей» ЖШС және «Орал трансформатор» ЖШС зауыттарында еңбек ететін әйелдердің жұмыс жағдайларымен танысты. Кездесуде еңбек заңдылығы, ана мен балаға қатысты әлеуметтік кепілдіктер, ұжымдағы гендерлік теңдік мәселелері кеңінен талқыланды. Партия хатшысы өндірістік ортада әйелдердің үлесі артып келе жатқанын атап өтіп, олардың еңбегі мен құқығы тиісті деңгейде қорғалуы қажет екенін жеткізді. Сондай-ақ партияның Әйелдер қанаты әркез жұмысшыларға қолдау көрсетуге дайын екенін айтты.

«Қазіргі таңда ірі зауыттарда, кәсіпорындарда, шағын және орта бизнес субъектілерінде қызмет атқарып жүрген әйелдер саны өсіп келеді. Әйелдер қандай салада еңбек етсе де, олардың еңбек жағдайлары, жұмыс уақыты мен өтілі әділ ескерілуі тиіс екенін атап өткіміз келеді. Заң аясында өз құқықтарын білуге шақырамыз. Сол себепті де әртүрлі бағытта қызмет атқаратын ұйымдарды аралап, өз көзімізбен көріп шықтық. Кей мекемелердегі ұжымдық мәдениеттің жоғары деңгейде қалыптасқанын, қызметкерлерге тегін түскі ас, жұмыс киімдері жеткілікті қамтамасыз етілгенін көріп отырмыз. Ұжымдық шарттардың жоғары деңгейде орындалып жатқанынан да куә болдық, әлеуметтік мәселелердің ескерілуі қажет тұстарға тоқталдық, сонымен қатар әйелдер тарапынан ұсыныстарды да тыңдадық. Алдағы уақытта жұмыс жоспарында аталған мәселелерді қарастыратын боламыз», – деді Шолпан Каринова.

Сонымен қатар партия өкілдері «Қарашығанақ Петролиум Оперейтинг Б.В.» компаниясындағы әйелдер ұйымының жетекшілерімен де кездесті. Кездесу барысында компания әйелдерінің қайырымдылық жобаларға қатысып, Ана мен бала үйіне, балалар ауылына тұрақты түрде көмек көрсететіні айтылды. Сондай-ақ ұжым қызметкерлері арасында кәсіби тұрғыда оқытулардан өткен сала мамандары – психолог, қаржыгерлер әлеуметтік осал топтағы жандарға тегін кеңес беретін бастамаларды қолға алған.

«AMANAT» партиясы еңбек адамының мәселесін назарда ұстап, жұмысшы әйелдердің әлеуметтік мәртебесін көтеруге және олардың құқығының қорғалуына айрықша көңіл бөліп келеді. Алдағы уақытта да айтылған ұсыныстар мен бастамалар нақты іс-шаралармен жалғасын таппақ.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары