Өскемен қаласында суға ағып кеткен 19 жастағы жігіттің денесі 11 күннен кейін табылды.
Нұрболат Нұрдос 27 шілде күні кешкі уақытта Өскемендегі «Самал» саябағында шомылып жүрген кезде суға ағып кеткен.
Қатты ағыс алып кеткен ол осы күнге дейін табылмай келді. Іздестіру жұмыстарына ШҚО ТЖД құтқарушылары жұмылдырылды. Олар өзен түбін тексеріп, дрондарды іске қосты.
— Іздестіру жұмыстары Глубокое ауданына қарасты Уварово ауылы маңында және Шемонаиха ауданына қарай өзен бойымен жүргізілді. Алайда ағысы қатты су іздеу жұмыстарына едәуір кедергі келтірді, — деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметінен.
Жігіттің денесі бүгін Предгорное ауылының маңынан табылды. Оны байқап қалған адам құтқарушыларға хабар берген. ТЖД қызметкерлері марқұмның денесін судан алып шықты.