Пациенттен оңбай таяқ жеген қостанайлық дәрігер ауруханадан шықты

/
Пациенттен оңбай таяқ жеген қостанайлық дәрігер ауруханадан шықты

Қостанай облыстық ауруханасының хирург-урологы Антон Кистановты 17 шілдеде науқас ауыр жарақаттап кеткен еді. Дәрігер елордалық ауруханада ем қабылдап, қазіргі таңда үйіне оралды, деп хабарлайды turkystan.kz.

TobolInfo ақпарат агенттігі Антон Кистановтың Қостанай қаласындағы үйінде амбулаторлық ем қабылдау үшін жіберлгенін хабарлады. Ол әзірге жұмысқа шыға алмайды. Аурухана ұжымы дәрігердің қазақстандықтардың жанашырлығына қатты толқып, қолдау білдірген барша азаматтар мен отбасына алғыс айтқанын жеткізді.

Еске сала кетейік, 17 шілдеде Қостанай облыстық ауруханасында бір науқас отадан кейін сыртқа шыққан дәрігерге шабуыл жасаған. 34 жастағы ер адам ұзақ кезек күткеніне наразы болған. Шабуыл салдарынан дәрігер ауыр жарақаттанып, бас-ми жарақатымен, ми шайқалуымен және шүйде сүйегінің сынуымен жансақтау бөліміне түскен болатын. Дәрігердің жағдайы ауыр деп бағаланған. Консилиум шешімімен ол медициналық авиация арқылы Қостанайдан Астанаға жеткізіліп, ем қабылдаған.

Күдікті ұсталып, оған қасақана ауыр дене жарақатын келтіру бабы бойынша іс қозғалды. Тергеу кезеңінде ол екі айға қамауға алынған.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары