Қырғыз елінде дәстүрлі музыкаға арналған халықаралық "Рух-Санат" фестивалі өтті, деп хабарлайды turkystan.kz.
Тамыздың 1-3 күндері аралығында Ыстық көлде өткен шараға Қазақстан, Өзбекстан, Ресей, Жапон, Үнді, Мысыр, Оңтүстік Корей, Польша, Венгрия, Непал, Гвинея, Бангладеш, Эстония сынды 37 мемлекеттен жүздеген өнерпаздар мен этномузыкатанушылар қатысты.
Дәстүрлі өнерді сақтау мен келер ұрпаққа аманат ету жолында жасалған жиында әр ұлттың өнер шеберлері, этномузыкатанушылар, зерттеуші ғалымдар мен мәдениет қайраткерлері бой көрсетті. Мұраты асыл, аясы кең фестивальде жеті локацияда семинарлар, дөңгелек столдар мен шеберлік сағаттары өтті.
Дәстүрлі өнер үшін мәні зор конференцияға Қазақстан тарапынан этномузыкатанушы Саида Елеманова, Фатима Нұрлыбаева, Гүлмира Мұсағұлова сынды ғалымдарымыз бен өнерпаздарымыз қатысты.
Фестиваль аясында дәстүрлі музыкаға арналған халықаралық конкурс ұйымдастырылды. Алдын ала іріктеуден 8 жеке орындаушы мен 14 мемлекеттен 12 шығармашылық топ өтті. Олардың арасындағы сайыста жас жыршы Салтанат Қайратқызы жеке орындаушылар арасынан лауреат атанып бірінші орын иеленсе, ансамбльдер арасынан Қазақстаннан "Tengri Saz" ансамбльі де бірінші орынды қанжығасына байлады. Халықаралық деңгейде алғаш ұйымдастырылып отырған конкурсқа төрелік айтқан әділ қазылар арасында Мемлекет және қоғам қайраткері, ICTMD Дастүрлі музыка және би бойынша халықаралық кеңестің елшісі Дүйсен Қорабайұлы Қасейінов те болды.
Қырғыз елінде халықаралық деңгейде алғаш ұйымдастырылып отырған өнер жарысында топ жарған жыршы Салтанат Қайратқызы мен "Tengri Saz" ансамбльінің жеңісі - Дәстүрлі музыканың мерейі!