Астанадағы семинарда мыңға жуық адам қаржылық сауаттылығын арттырды – «AMANAT»

/
Астанадағы семинарда мыңға жуық адам қаржылық сауаттылығын арттырды – «AMANAT»
«AMANAT» партиясы

Астанада Мемлекет басшысының «Заң және тәртіп» бастамасы аясында «AMANAT» партиясы қолдауымен қаржылық сауаттылыққа арналған оқыту семинары өтті. Іс-шараны Қаржылық мониторинг агенттігі қала әкімдігі, Ішкі істер министрлігі және Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігімен бірлесе ұйымдастырды, деп хабарлайды turkystan.kz.

Семинар – азаматтардың қаржылық сауатын арттыру және халықтың әлеуметтік осал топтарын алаяқтықтан, борыш жүктемесінен, қаржы пирамидаларынан қорғауға бағытталған кең көлемді ағартушылық және алдын алу жұмыстарының бір бөлігі.

Ұйымдастырушылардың мәліметінше, іс-шараға 1000-нан астам адам қатысты. Олардың қатарында зейнеткерлер, бюджеттік сала қызметкерлері және «AMANAT» партиясының «Қарызсыз қоғам» жобасына қатысушылар бар.

Семинар барысында интернет-алаяқтық мәселесіне ерекше назар аударылды. Бүгінде мұндай қылмыстар еліміздегі барлық құқықбұзушылықтардың төрттен бірін құрап отыр. Ішкі істер министрлігінің Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл департаменті басқарма бастығының орынбасары Бейбіт Біржановтың айтуынша, жарты жыл ішінде 67 миллионнан астам алаяқтық қоңырау бұғатталып, ондаған құрылғы тәркіленіп, 88 мыңға жуық тіркелмеген нөмір анықталған.

Семинар елорда тұрғындарының үлкен қызығушылығын тудырды. Көптеген тұрғындар семинарға қаржы саласына қатысты өзекті мәселелер бойынша нақты ақпарат алып, мамандардан кеңес алу мақсатында қатысты.

«Бүгінгі семинар өте пайдалы болды. Ұлымның атынан бірнеше рет несие рәсімделген. Мұнда мамандардан кеңес алдым, қайда жүгінуге болатынын түсіндірді. Енді тиісті органдарға барып, шара қолданамыз. Көп мағлұмат алдық, енді абай боламыз», – дейді Сарыарқа ауданының тұрғыны Ләззат Төлегенқызы.

Іс-шара «AMANAT» партиясы 2023 жылы бастаған «Қарызсыз қоғам» жобасының жалғасы болды. Бүгінге дейін бұл жоба аясында 850 мыңнан астам адам оқудан өтіп, олардың 530 мыңнан астамы мерзімі өтіп кеткен қарыздарын қайта қарау бойынша көмек алды.

«Кейде азаматтар өз туыстарының немесе таныстарының кесірінен зардап шегіп жатады. Мәселен, жалғыз басты дәрігер әйел танысының атына 13 миллион теңге несие рәсімдеп берген. Ол бизнес бастаймын деп сендірген. Кейін оның алаяқтық үшін бұрын сотталғаны анықталған. Нәтижесінде несиені өзі төлеуге мәжбүр болды. Біздің заңгерлер оның 350 мың теңге көлемінде айлығын ескеріп, төлем кестесін қайта қарауға көмектесті. Қазір қарызын тұрақты түрде өтеп келеді», – деді «Қарызсыз қоғам» жобасының сарапшысы Дулат Мыңбаев.

Оның айтуынша, жоба қарыз мәселесінің салдарымен қатар, азаматтардың шамадан тыс қарызға батуының алдын алуға да бағытталған. Осы мақсатта азаматтарға құқықтық көмек көрсетіліп, арнайы оқыту және кеңес беру жұмыстары жүргізіледі.

Семинар аясында қаржы пирамидаларына қатысты мәселе де жеке блок ретінде қаралды. Қаржылық мониторинг агенттігінің Превенция және талдау әзірлемелері департаментінің превенция басқармасының басшысы Андрей Давыдов мұндай жүйелердің қауіпті тұстарына тоқталды.

«2021 жылдан бері Қазақстанда 100 қаржы пирамидасының қызметі тоқтатылды. Олардың қызметінен 86 мың салымшы зардап шеккен. Келтірілген шығын – 37 миллиард теңге. Осы істер бойынша 226 адам сотталды. Егер сізге тез байып кетуге немесе оңай несие алуға ұсыныс жасалса – бұл дабыл белгісі. Мұндай жүйеде тек алғашқы қатысушылар ғана пайда табады, қалғандары ақшасынан айырылады», – деді ол.

Семинар тәжірибесі көрсеткендей, ашық диалог форматы – қаржылық қылмыстармен күресте тиімді құрал.

Айта кетейік, «Қарызсыз қоғам» жобасы 11 мемлекеттік орган мен 12 банктың қатысуымен еліміздің барлық өңірде жүзеге асырылып келеді. Оқытуға тіркелу үшін qogamfin.kz порталында арнайы форма қарастырылған, сондай-ақ +7 (700) 855 85 85 нөмірі бойынша call-орталық жұмыс істейді. 2025 жылдан бастап жоба 90 күннен астам мерзімі өткен несиесі бар азаматтарға басымдық беріп отыр. Олар үшін тегін заңгерлік кеңес, онлайн оқыту, сондай-ақ қарызды қайта құрылымдау мен банкроттық рәсімдерін жүргізуге қолдау көрсетіледі.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары