Шығыс Қазақстанда ШЫҰ жас көшбасшыларының форумы өтті

/
Шығыс Қазақстанда ШЫҰ жас көшбасшыларының форумы өтті
Мәдениет және ақпарат министрлігі

Шығыс Қазақстан облысында өткен Шанхай ынтымақтастық ұйымының жас дарындары мен көшбасшыларының кездесуі аясында «SCO Youth Dialogue» форумы ұйымдастырылды, деп хабарлайды turkystan.kz.

Форумға Мәдениет және ақпарат министрлігінің Жастар және отбасы істері комитетінің төрағасы Қайрат Қамбаров, ШҚО әкімінің орынбасары Ербол Нұрғалиев және ШЫҰ Хатшылығының Әкімшілік-құқықтық мәселелер департаментінің кеңесшісі Цзяо Хуайсинь мырза қатысты.

Форум бағдарламасы екі панельдік отырыстан тұрды. Бірінші отырыс жастар саясатына арналды. Онда ШЫҰ-ға мүше елдердің озық тәжірибелері талқыланды. Қайрат Қамбаров өз сөзінде Қазақстанның Шанхай ынтымақтастық ұйымының беделді халықаралық ұйым ретінде қалыптасуы мен дамуына қосқан үлесін атап өтіп, ШЫҰ аясындағы ынтымақтастық Қазақстанның сыртқы саясатындағы басты басымдықтардың бірі екенін сөз етті.

Екінші панельдік отырыстың басты тақырыбы – нашақорлықтың алдын алу. Бұл бағыттағы қазақстандық тәжірибені БҰҰ ЕҚБ аймақтық жастар желісінің бір бөлігі саналатын «Esbol Qory» қоғамдық қоры таныстырды. Қор интернет кеңістігіндегі есірткіге қатысты вирустық контентті анықтап, бұғаттайтын «MERGEN» атты ақпараттық жүйе ұсынды. Бұл жүйенің арқасында Қазақстан аумағында 4000-нан астам интернет-ресурс анықталып, бұғатталған.

Еске салсақ, Шығыс Қазақстан облысында ШЫҰ жас дарындары мен  көшбасшыларының алғашқы кездесуі өтіп жатыр. Оған ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің делегаттары қатысуда. Бұл бастама ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі тарапынан жүзеге асырылуда. Аталмыш іс-шара  2024 жылы 4 шілдеде Астанада өткен ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің отырысында қабылданған келісімдердің жалғасы саналады. Жиында Қасым-Жомарт Тоқаев қазіргі заман жағдайында бірлік пен күшті біріктірудің маңызын атап өткен болатын.

 

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары