Арал қаласында көшелерді су басты

/
Арал қаласында көшелерді су басты
Әкімдік

Қызылорда облысы Арал ауданында 31 шілдеде бұршақ аралас жаңбыр жауып, қатты жел тұрған, деп хабарлайды turkystan.kz.

Соның салдарынан Арал қаласындағы көптеген әлеуметтік нысан, кәсіпкерлік ғимарат, тұрғын үй және тағы басқа қоғамдық аумақтарға зақым келгені айтылды. 

Қаланың орталық көшелерін су басып, көліктер мен жаяу жүргіншілердің қозғалысына айтарлықтай қиындық келтірілген. Жағдайды қалыпқа келтіру мақсатында төтенше жағдайдың алдын алу және оны жою жөніндегі аудандық комиссия отырысы өткен.

Комиссия төрағасы, аудан әкімінің орынбасары Еркін Әбішев ахуалды тұрақты бақылауға алғанын, барлық мекеме басшысына жағдайды қалыпқа келтіруді тапсырғанын мәлім етті. 

– Қазіргі кезде Арал қаласындағы шағын аудандарда және ауданға қарасты ауылдық округтерде жағдай тұрақты бақылауға алынып, тіршілікті қамтамасыз етуші маңызды инфрақұрылымдық желілер қайтадан қалпына келтіріліп жатыр. Сондай-ақ, су басқан көшелер арнайы сусорғыш техникалардың көмегімен тазартыла бастады. Коммуналдық сала қызметкерлері күшейтілген режимге көшті. Жағдайды қалпына келтіру бағытында жұмысшы топ үздіксіз қызмет атқарады, – делінген хабарламада.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары