14-20 шілде аралығында Германияда қыздар арасындағы Еуропалық информатика олимпиадасы (European Girls Olympiad in Informatics – EGOI) өтті, деп хабарлайды turkystan.kz.
Олимпиадаға Еуропа, Азия және басқа да өңірлерден 60 елдің 226 қатысушысы жиналды. Қазақстан атынан ұлттық іріктеу нәтижесі бойынша жасақталған құрама қатысты:
• Турғанбаева Тамила – 11-сынып, НЗМ ФМН, Астана;
• Игзекова Алина – 9-сынып, ФМЛ, Қостанай;
• Баймұхамбетова Аружан – 7-сынып, Flagman мектебі, Астана;
• Исаева Анита – 9-сынып, РФМШ, Алматы.
Құраманы Адина Мағавина мен Темірлан Сатылханов бастап барды.
Биыл Қазақстан құрамасы олимпиадаға Астанадан қашықтан қатысты. Бұл формат жарыс ұйымдастырушылары тарапынан ресми бекітілген және халықаралық талаптарға толық сәйкес өтті.
Барлық қатысушы үшін бұл – мұндай деңгейдегі алғашқы тәжірибе болды. Соған қарамастан, Турғанбаева Тамила мен Баймұхамбетова Аружан Қазақстанға екі қола медаль әкелді.
Біздің қыздардың бұл жеңісі – жай ғана медаль емес. Бұл – Қазақстанда әлемдік деңгейде бәсекеге қабілетті дарынды қыздардың өсіп келе жатқанын дәлелдейді. Біз оларға қолдау көрсетуді жалғастырамыз, – деді Қазақстанның Спорттық бағдарламалау федерациясының президенті Багдат Мусин.