Абай облысы Малая Актюба ауылы маңында 1968 жылы туған Байдуйсен Ардақ Сұлтанұлын іздеу жұмыстары жалғасып жатыр, деп хабарлайды turkystan.kz.
Ер адам 25 шілде күні орман алқабына шығып кеткеннен кейін қайта оралмаған.
Полицияға хабарлама түскен бойда жедел-іздестіру шаралары басталып, оған учаскелік инспекторлар, жедел қызметкерлер, Төтенше жағдайлар департаментінің мамандары, кинологтар және туыстары тартылды.
"31 шілдеден бастап іздеу жұмыстарына Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының әскери қызметшілері де қосылды. Жалпы іздеуге 120-дан астам адам жұмылдырылған. Қиын әрі қол жетімсіз аумақтарда квадроциклдер мен дрондар пайдаланылуда. Орманды жерлерді шолуға қызметтік иттер тартылған. Іздестіру топтары шеп құрып, орманды аймақты 5 шақырымнан астам тереңдікке дейін жаяу тінтіп жүр. Батпақты, қалың ну орман да назардан тыс қалмаған. Еріктілер де іздеу жұмыстарына белсенді қатысуда, - делінген хабарламада.
Абай облысы Полиция департаменті іздестіру жұмыстарына атсалысып жатқан барлық азаматтарға алғыс білдіріп, жоғалған адамның орналасқан жері туралы қандай да бір ақпараты бар адамдардан дереу 102 нөміріне хабарласуды сұрайды.
Іздеу шаралары нақты нәтиже шыққанға дейін жалғасады.