Бүгін, 1 тамыз күні еліміздің екі қаласында ауа сапасы нашарлайды, деп хабарлайды turkystan.kz.
"Қазгидромет" РМК синоптиктерінің мәліметінше, бүгін Қазақстанның көптеген қалаларында метеорологиялық жағдайлар қолайлы болмақ. Алайда Атырау мен Ақтөбе қалаларында қолайсыз метеожағдайлар қалыптасуы мүмкін.
Қолайсыз метеожағдай – бұл атмосфералық ауаның беткі қабатында зиянды заттардың жиналуына ықпал ететін қысқа мерзімді табиғи факторлардың (әлсіз жел, тұман, инверсия, тыныш ауа райы) жиынтығы. Мұндай кезде ауа сапасы нашарлап, тұрғындардың денсаулығына кері әсер етуі мүмкін.
Синоптиктердің айтуынша, ластану деңгейіне желдің жылдамдығы, жауын-шашын, ауа температурасы және ылғалдылық сынды метеорологиялық көрсеткіштер әсер етеді.
Мамандар тұрғындарды ауа сапасына қатысты ақпаратты жіті бақылап, қажет жағдайда сақтық шараларын сақтауға шақырады.