Roblox платформасында үш күнде жасалған қарапайым бақша симуляторы бүкіл әлемді таңғалдырды. Grow a Garden ойыны бір ай ішінде 1 миллиард доллар табыс әкеліп, тарихтағы ең табысты ойындардың біріне айналды. Ал оны небәрі 16 жастағы мектеп оқушысы әзірлеген, деп хабарлайды turkystan.kz fortune.com-ға сілтеме жасап.
Маусым айының аяғында ойынға бір мезетте 21,6 миллион адам кіріп, бұрынғы рекорд иесі Fortnite-тен де асып түсті. Ең қызығы, ойында атыс жоқ, жарыс жоқ. Тек бақша отырғызасыз, өнім өсіресіз, сауда жасайсыз, жануар асырайсыз немесе көршінің сәбізін ұрлайсыз. Барлығы тыныш, еркін, қысымсыз ортада өтеді. Артқы фонда Моцарттың әуендері ойнап тұрады.
Grow a Garden ойыны виртуалды күрек, тұқым және сәбіз сату арқылы миллиардтаған табыс жинаған. Бұл табыс Roblox компаниясының да табыстылығына әсер етті. Сарапшылар бұл жобаның компанияның акция құнын арттырып, тоқсандық табыс көрсеткіштерін болжамнан асырып түсетінін айтуда.
Жобаны Жаңа Зеландиядағы Splitting Point Studios сатып алды. Алайда жас автор жобаның 50 пайыз құқығын өзінде қалдырды. Яғни ол табыстың жартысын әрі қарай да иелене береді.
Ойынды бастау үшін тек Roblox аккаунты керек. Жүйе сізге бос телім, сәл ақша және бір тұқым береді. Уақыт өте келе өнім сатып, көбірек табыс табуға, жаңа тұқымдар мен жануарлар алуға мүмкіндік бар. Ақша салмай-ақ ойнауға болады, бірақ ондайда даму баяу жүреді. Сирек тұқымдар дүкенге әр бес минут сайын жаңарып түседі, бұл ойыншыларды жиі оралуға итермелейді.