Павлодарлық әйел қатерлі ісікті үшінші рет жеңіп шықты

/
Павлодарлық әйел қатерлі ісікті үшінші рет жеңіп шықты
Денсаулық сақтау министрлігі

Павлодарда 77 жастағы Тамара Суслова үшінші рет қатерлі ісікті жеңіп шықты. Өмірге деген жігері мықты зейнеткер осы уақытқа дейін үш түрлі онкологиялық диагнозбен күрескен, деп хабарлайды turkystan.kz.

Алғаш рет оған онкологиялық диагноз 20 жыл бұрын қойылған. Сүт безінің сирек кездесетін түрі — Педжет ауруы анықталып, оған мастэктомия жасалып, 10 курс сәулелік терапия тағайындалған. Суслова белсенді өмір салтын жалғастырып, қиындықтарға мойымады.

Кейін тоқ ішектен қатерлі ісік табылып, дерт ерте сатыда анықталғандықтан, хирургиялық жолмен сәтті алынып тасталды. Ол кезде химиотерапия қажет болмаған.

Араға он жыл салып, әйел әлсіздік, жүрек айну мен салмақ жоғалту белгілеріне шағымдана бастайды. Диагноз — асқазан қатерлі ісігінің III сатысы. Павлодарлық дәрігерлер күрделі жағдайға байланысты операциядан бас тартуға кеңес берді. Алайда қызы оны Кореяға апарып, ем-дом жасатты. Бір курс терапияның құны — 5 миллион теңге.

Емнен кейін елге оралған Тамара Суслова Астанадағы Ұлттық ғылыми онкология орталығына (ҰҒОО) жүгінді. Мұнда оған жоғары технологиялы HIPEC – гипертермиялық ішперделік химиотерапия әдісімен операция жасалды.

«Науқас бізге үшінші онкологиялық диагнозбен, яғни асқазанның қатерлі ісігімен келді. Бұған дейінгі екі ауру да сәтті емделген. Келген кездегі жағдайы жақсы болды, онкология бар деп айта алмайсың. Өте позитивті адам, өмірге құштар, күрескер. Жеңіске сенімді болды. Диета сақтайды, тәртіпті пациент», – дейді ҰҒОО абдоминалды хирургия секторының аға ординаторы Алтай Керімқұлов.

HIPEC әдісі арқылы жүргізілген ота сәтті өтіп, науқас 11-күні ауруханадан шығарылды. Химиотерапия жақсы нәтиже беріп, ісік кері дами бастаған. Қазір иммундық химиотерапияның қайталама курстары жалғасуда.

«Қазір біздің медицинаның деңгейі барлық көмек түрін көрсетуге толық мүмкіндік береді. Бұл үшін шетелге шығудың қажеті жоқ. Кореядағыдай емді біз де ұсына аламыз», – дейді онкохирург.

HIPEC – Қазақстанда алғаш болып ҰҒОО-да енгізілген ем түрі. Бұл әдісте операция кезінде іш қуысына қыздырылған химиопрепарат енгізіледі, ол шамамен 1,5 сағат бойы айналып, көзге көрінбейтін ісік жасушаларын жояды.

Тамара Ивановна қазіргі таңда емін жалғастырып жатыр. Ол үміт пен сенімнің арқасында күресті тоқтатпайтынын айтады.

«Мен өмір сүргім келеді. Маған не ұсынылса, бәрін жасаймын. Мен дәрігерлерге үлкен үміт артамын. Бұл – біздің ортақ ісіміз. Ал ортақ іс – сауығуға алып келеді», – дейді ол.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары