4 мыңнан астам қазақстандық кәсіп ашу үшін грант алды

/
4 мыңнан астам қазақстандық кәсіп ашу үшін грант алды
istockphoto

Жыл басынан бері әлеуметтік осал топқа жататын азаматтарға жаңа бизнес идеяларды жүзеге асыру үшін 4 207 грант бөлінді, деп хабарлайды Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі.

Оның ішінде ауыл тұрғындарына 2 665 грант берілді. Жалпы биыл 9 080 грант беру жоспарлануда.

"Мемлекеттік гранттарды алуға өтінімдер биылғы жылдың 21 мамыры мен 3 маусымы аралығында қабылданды. Бүгінгі таңда үміткерлердің өтініштерін қарау жөніндегі комиссиялар өз жұмысын аяқтап, барлық қаражат грант алушылардың шотына аударылды", - дейді министрлік.

Барлығы 11,5 мыңнан астам өтініш түскен:

көпбалалы отбасылардан – 7 450,

мүгедектерден – 1 856,

мүмкіндігі шектеулі баланы күтушілерден – 1 334,

атаулы әлеуметтік көмек алушылардан – 289 өтініш қаралды.

"Өтініштің ең көп саны Түркістан, Қызылорда, Жамбыл облыстары мен Шымкент қаласынан, ал ең аз көрсеткіш Ұлытау облысы мен Қостанай облысынан түскен. Гранттар негізінен технологиялық құрал-жабдықтарды алуға, тауарлық-материалдық құндылықтарды, құрал-саймандарды сатып алуға, мал шаруашылығына, үй-жайларын жалға алуға және өсімдік шаруашылығына берілді", - дейді ведомство.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары