Қазақстан қор биржасындағы (KASE) күндізгі сауда-саттық қорытындысы бойынша доллардың орташа бағамы 541,45 теңгені құрап, 3,50 теңгеге төмендеді, деп хабарлайды turkystan.kz.
Айта кетейік, Ұлттық Банктің 28 шілдеге арналған ресми бағамы 544,87 теңге.
kurs.kz деректері бойынша, қазіргі уақытта Алматыдағы айырбастау пункттерінде доллардың орташа сатып алу бағамы – 539,89 теңге, сату бағамы – 544,97 теңге. Астанадағы айырбастау пункттерінде америкалық валютаны орта есеппен 539,53 теңгеден сатып алып, 546,56 теңгеден сатып жатыр.
Еске салсақ, бұған дейін Премьер-Министр Олжас Бектенов журналистердің теңге бағамы мен девальвация туралы сұрағына жауап берген болатын. Оның айтуынша, бағам тек нарықтық қағидалар негізінде қалыптасады және қазіргі уақытта ұлттық валютаның күрт ауытқуына алып келетін факторлар жоқ.
«Бізде бағам нарықтық факторлар негізінде қалыптасады, Ұлттық банк тарапынан қандай да бір араласу жасалмайды. Бүгінгі таңда, біздің және көптеген беделді сарапшылардың бағалауы бойынша, теңгенің күрт әлсіреуіне алғышарттар жоқ», – деп атап өтті Үкімет басшысы.