Қазақстан ұлттық құрамасының жартылай қорғаушысы Бақтияр Зайнутдинов Түркияның "Бешікташ" клубынан Ресейдің "Динамо" (Мәскеу) командасына ауысты, деп хабарлайды turkystan.kz.
Клубтар арасындағы трансфер жөнінде 28 шілде күні "Динамо" командасының әлеуметтік желілерінде ресми түрде хабарланды. Келісімшарт 2029 жылдың жазына дейін жасалды, әрі бір маусымға ұзарту мүмкіндігі бар. Зайнутдинов жаңа клубында №19 жейдемен өнер көрсетеді.
Transfermarkt порталының мәліметінше, «Динамо» оның трансфері үшін 2,8 миллион еуро төлеген.
Зайнутдиновтің бұрынғы командасы – Ыстанбұлдық "Бешікташ" футболшыға алғысын білдіріп, трансфер шарттары бойынша "Динамомен" толық келісімге келгенін хабарлады. 27 жастағы ойыншы өткен маусымда тоғыз матчқа қатысып, жарақатынан ұзақ уақыт емделген еді.
Ол "Бешікташта" екі жыл ойнап, Түркия кубогы мен Суперкубогын жеңіп алды. Сондай-ақ Еуропа лигасы мен Конференциялар лигасы матчтарына қатысты.
Айта кетейік, Бақтиер Зайнутдинов бұған дейін де Ресей премьер-лигасында өнер көрсеткен. Ол "Ростов" және ЦСКА (Мәскеу) клубтарында ойнап, қазіргі "Динамо" бапкері Валерий Карпиннің қол астында жұмыс істеген. Сондай-ақ "Тараз" және "Астана" командаларында да доп тепкен.
Зайнутдинов – Қазақстан ұлттық құрамасы тарихындағы ең үздік сұрмерген. Оның еншісінде 15 халықаралық гол бар.