Баян Мақсатқызы әнші Жұбаныш Жексенұлына қолдау көрсетті

/
Баян Мақсатқызы әнші Жұбаныш Жексенұлына қолдау көрсетті
Коллаж: Turkystan.kz

Продюсер Баян Алагөзова Астанадағы әуежайда әйелге балағат сөздер айтқаны үшін жауапқа тартылған әнші Жұбаныш Жексенге қатысты пікір білдірді, деп хабарлады turkystan.kz

Ол видеоүндеуінде  екінші тарап яғни, рұқсатсыз қоғамдық орында әншіні видеоға түсірген адам неге жауапқа тартылмағанын түсінбегенін айтты.

«Мен барлық әртістер мен танымал адамдардың атынан айтқым келеді. Адамдар қоғамдық орында, мейрамханада, вокзалда, әуежайда біреудің жеке кеңістігін бұзып, оны рұқсатсыз түсіруге құқығы жоқ екенін түсінбейді. Өйткені ол да сіз бен біз секілді адам», – деді Алагөзова.

Продюсердің айтуынша, әртістердің гастрольдік кестесі тығыз, ұйқысыз түндері мен ұзақ жолдары көп.

«Түсініңіздер, мысалы, адам жай ғана отырып тамақтанып жатса, балаларымен сөйлесіп отырса немесе көңіл күйі болмаса, шаршаса оған камераны тақап түсіру дұрыс емес. Жұбаныш та мүмкін ұйқысыз түннен кейін шаршаған болар. Әртістердің жолдары қиын. Мұндай реакция кез келген адамда болуы мүмкін. Егер ол әртіс болса, бұл оқиға барлық жерге тарап кетеді. Сондықтан айтарым, әртіс әрқашан суретке түсуге немесе сөйлесуге міндетті емес», – деді ол.

Ол әлеуметтік желі қолданушыларының реакциясына қатысты қатаң пікір білдірді.

«Біз Жұбаныштың басында нақты не болғанын білмейміз. Бірақ біреу келіп, камерасын қосып, «селфи жасайық» десе, адам ашулануы мүмкін. Танымал адам болған соң, жұрт тек соны сөз етеді. Меніңше, мұндай жағдайда екі тарап та жауапкершілікпен қарауы тиіс. Қоғамда біреудің басына қиындық түссе, жұрт соған мәз болып, жаппай жамандай жөнеледі. Көп жағдайда мән-жайын білмей жатып, баға беруге асығады. Бұл – қайталанып келе жатқан жаман әдет. Мен Жұбанышқа күш-қайрат тілеймін», – деп түйіндеді Алагөзова.

Айта кетейік, бұған дейін танымал әнші Жұбаныш Жексенұлы әуежайда шу шығарғаны үшін «ұсақ бұзақылық» бабымен айыппұлға тартылғаны хабарлаған едік.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары