Бейжің қаласында өркениеттер арасындағы жаһандық диалог өтті

/
Бейжің қаласында өркениеттер арасындағы жаһандық диалог өтті
AMANAT партиясының баспасөз қызметі

Бейжің қаласында Қытай Коммунистік партиясы Орталық комитетінің Халықаралық байланыстар департаментіне қарасты «Contemporary World Magazine» журналы ұйымдастырған кәсіби тәжірибе алмасу бағдарламасы өтті, деп хабарлады turkystan.kz.

Іс-шараға Азия мен Африканың 12 елінен келген халықаралық журналистер делегациясы қатысты. Қазақстан атынан «AMANAT» партиясының мүшесі Ақсанат Тулесова делегация құрамында болды. Сапардың басты оқиғасы 10–11 шілде күндері Бейжіңде өткен Ғаламдық өркениеттер диалогы жөніндегі министрлік кездесуі (Global Civilizations Dialogue Ministerial Meeting) болды.

Аталған кездесу аясында Өзбекстан, Сингапур, Малайзия, Филиппин, Индонезия, Нигерия және өзге де елдердің өкілдері бас қосты. Қатысушылардың географиялық және кәсіби әртүрлілігі пікір алмасудың жан-жақтылығын қамтамасыз етті.

Жаһандық өркениеттер диалогы жөніндегі форумға 140-тан астам ел мен халықаралық ұйымнан 600-ден астам делегат жиналды. Онда мәдени әртүрлілікті сақтау, орнықты даму саласындағы мақсаттарға қол жеткізу, өркениетаралық өзара түсіністікті тереңдету және ҚХР Төрағасы Си Цзиньпин ұсынған «Жаһандық өркениеттер бастамасын» жүзеге асыру мәселелері кеңінен талқыланды.

«Барлық адамзатқа ортақ құндылықтарды бірлесе дәріптеуіміз қажет. Бейбітшілік, даму, теңдік, әділдік, демократия мен еркіндік – барлық халықтардың ортақ ұмтылысы. Әрбір өркениеттің құндылықтарды өзінше қабылдайтынын түсіне білген жөн. Өз көзқарасымыз бен үлгімізді өзгелерге күштеп таңуға немесе идеологиялық қарама-қайшылыққа жол беруге болмайды», – деді Қытай Халық Республикасының Төрағасы.

Министрлік кездесу – елдер арасындағы өзара құрмет пен сындарлы диалогтың маңызын айқын көрсетті. Қытай тарапы шараны жоғары деңгейде ұйымдастырып, гуманитарлық және ақпараттық байланыстарды нығайтуға мүдделі екенін айқын көрсетті.

Іссапар аясында делегация мүшелері ҚКП Орталық Комитетінің Халықаралық істер жөніндегі департаментінің министрі Лю Цзянчаомен кездесті. Оның айтуынша, гуманитарлық байланыстар мемлекетаралық сенімді нығайтатын маңызды құрал. Сонымен қатар білім беру, цифрландыру, ғылым мен технология, медиасаладағы ынтымақтастыққа басымдық берілетінін айтты.

Министрдің сөзінше, БАҚ арқылы халықаралық ықпалдастықты дамыту – өзара құрмет, теңдік және ашық диалог қағидаттарына негізделген, ортақ келешекке ұмтылған жаһандық қауымдастықты қалыптастырудың маңызды бөлігі.

Форум бағдарламасына пленарлық отырыстар, тақырыптық сессиялар, сараптамалық пікірталастар мен бейресми кездесулер енді. Жастардың өркениетаралық диалогтағы рөлі негізгі талқылау тақырыбына айналды. Жас журналистер, блогерлер мен азаматтық қоғам өкілдері өзара түсіністікті нығайту, жалған ақпаратпен күресу және бейбітшілік пен ынтымақтастық құндылықтарын дәріптеу жолдарын ортаға салды. Ашық әрі өзара сыйластыққа негізделген пікірталас ортақ көзқарастарды қалыптастыруға ықпал етті.

Журналистер делегациясы үшін арнайы ұйымдастырылған бағдарлама аясында қатысушылар пікір алмасудан бөлек, Қытайдың даму тәжірибесімен де танысты. Бейжің, Яньань және Сиань қалаларында орнықты даму, цифрлық басқару және мәдени мұраны сақтау салаларындағы нақты жобалар таныстырылды.

Бұл сапар өркениеттер арасындағы өзара түсіністікті тереңдетіп, гуманитарлық ынтымақтастықты нығайтуға жол ашты. Сонымен қатар қазіргі жаһандық сын-қатерлер кезеңінде диалогтың өзектілігін айқындай түсті.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары