Қоғам сенім артатын полиция

/
Қоғам сенім артатын полиция

Өткен айда Мемлекет басшысы Президент Әкімшілігі мен Қауіпсіздік Кеңесіне құқық қорғау органдарының жұмысына арнайы талдау жүргізу туралы тапсырма берген болатын. Бұл талдау құзыретті мекемелер­дің жұмысындағы кем-кетік пен олқылықты, оң баста­малар мен оңтайлы шешім­дерді анықтап беруі керек.

– Құқық қорғау мекемелерінің жұ­мыс­ында ешқандай қателік немесе кем­шілік жоқ деп айтуға болмайды. Бірақ қара бұлтты төндірудің де қажеті жоқ. Бәр­іміз бір ел, бір халық болып Қазақ­станы­мыз үшін қызмет етіп, табанды жұмыс істеуіміз керек. Сондықтан менің тап­сырмам бойынша Президент Әкімші­лігі мен Қауіпсіздік Кеңесі бір аптаның ішінде Құқық қорғау органдарының жұмысы туралы арнайы талдау дайын­дауы керек. Барлық түйткілдерді ашық түрде көр­сетеді, мәселелерді шешу жол­дар­ын ұсына­ды. Бұл – өте маңызды жұ­мыс, оны жал­ғастыру қажет. Түптеп кел­­генде, біздің бас­ты бағдарымыз – ай­қын. Бұл – заң мен тәртіп қағидаты, – деді Мемлекет басшысы.
Талдау қорытындысы туралы әлі нақ­ты ақпарат жоқ. Зерттеу саланың қал­тарыс-бұлтарыста қалып қойған жалқы, нақты мәселелерін анықтай жатар, деген­мен тағы бір индикатор – халықтың се-
н­ім көрсеткіші арқылы құқық қорғау органдарының жұмысына жалпы баға бере аламыз.
Қоғам құқық қорғау органдарына қан­шалықты сенім артса, сол елдегі әділет, заң мен тәртіп ұғымдары сонша­лықты құнды дегенді білдірсе керек. Бұл сенім, әлбетте, үнемі тұрақты бола бер­мейді, бірақ аза­маттардың полицияға және жалпы құқық қорғау жүйесіне деген көзқарасы олардың күн сайын бетпе-бет келіп жүр­ген мың сан оқиғаларының тұ­жырымынан туындай­тыны анық. Де­мек, ол тек ішкі саясаттың немесе қау­іп­сіздік саласының мәселесі ғана емес, бұл мемлекет пен қоғам арасын­дағы сенімнің бар-жоғын айқындайтын басты өлшем­нің бірі. 

Халық полицияға қаншалықты сенеді?

Жуырда Ұлттық статистика бюросы қоғам пікіріне зерттеу жүргізіп, халық-
тың полицияға қаншалықты сенетінін анықтады. Сол зерт­теудің қорытындысына сүйенсек, қазақ­стандықтардың 61,6 пайызы поли­цияға толық сенім білдіреді, ал 27 пайы­зы ішінара сенеді екен. Яғни, кейде сен­е­ді, кейде сенбейді. Бұл жаман көрсеткіш емес, дегенмен 4,4 пайызы «сенбеймін» десе, 4,6 пайызы мүлде сенбейді, ал қал­ған 2,5 пайызы жауап беруге қиналған. Салыстыру үшін айта кетейік, өрт сөндіру қызметіне халықтың 79,4 пайызы толық сенеді, бұл – мемлекеттік құрылымдар арасындағы ең жоғары көрсеткіш.
Мұндай көрсеткіштердің артында арыздың қаралмауы, дөрекі жауап беру, шақырғанда уақытында келмеген наряд немесе жай ғана әрекетсіздік, немқұрай­лық пен бойкүйездік жатыр. Полиция кей­де қауіптің алдын алушы емес, тек оқи­ға орын алғаннан кейін келіп, қағаз тол­тырумен ғана шектелетін пассив орган ретінде қабылданып кеткен. 
Әрине, әуелде айтылғандай, полиция­ның жұмысын толықтай терістеу орын­сыз. Қызмет атқарып жүрген офицерлер­дің арасында нағыз кәсіби әрі адал ма­ман­дар да бар.  Бірақ халықтың 64 пай­ы­зы ғана өзі тұратын ауданда өзін қау­іп­сіз сезіне­тінін айтқан. Қалғандары – не «жартылай қауіпсіз», не тіпті «мүлде қау­іп­сіз емес» деп есептейді.
Сонымен, статистикадан шығатын қорытынды – полицияға халық толық сенбейді деп айта алмаймыз, алайда тол­ық сенімге де ие емес. Азаматтар түнде жал­ғыз жүруге қорқатын болса (респон­денттердің 19,4 пайызы осылай деген), ал 26,7 пайызы біреу шабуыл жасауы мүм­кін деп қауіп­тенсе, құқық қорғау ор­ган­дарына біршама өзгеріс қажет деген сөз.

Сенім азайған сайын, 
даму да тежеледі

Gallup-тың 2023 жылғы есебінде бү­кіл әлем халқының 72 пайызы өз елінің полициясына сенетінін көрсеткен (Ла­тын Америкасы мен Кариб аймағында тек 52 пайыз болса, Оңтүстік-Шығыс Азияда – 84 пайыз). Осыған ұқсас нәтиже OECD-тің 2018 жылғы талдауында да бай­қалады: бүкіл әлем бойынша орта есе­ппен халық­тың 72 пайызы полицияға сенеді.
Ең жоғары көрсеткіштер әдетте Шы­ғыс және Оңтүстік-Шығыс Азия ел­дерінде анық­талады. Мысалы, Gallup-тың кейінгі де­рек­терінде Сингапур тұрғын­дарының 93 па-
й­ызы полицияға сенетінін көрсетті, Индо­незияда бұл көрсеткіш 90 пайыз дең­гейінде болды. Бұл аймақтағы басқа ел­дерде де сенім жоғары: OECD дерек­тері бойынша Чилиде 2023 жылы халықтың 52 пайызы полицияға сенеді. Жалпы, Ба­тыс Еуропа елдерінде де поли­цияға сенім жоғары орташа есеппен 80 пайыз шама­сын­да көрінеді.
Басқа аймақтарда полицияға сенім әлдеқайда төмен. Мысалы, Gallup сауал­на­масы бойынша Венесуэлада 2019 жылы полицияға сенетіндердің үлесі небәрі 28 пайыз болған. Либерияда 2022 жылы бұл көрсеткіш – 45 пайыз. Сондай-ақ дамыған елдердің кейбірінде де поли­ция­ға сенім азайған: АҚШ-та Gallup де­регі бойынша 2022 жылы тұрғындардың тек 45 пайызы полицияға сенетінін айт­қан. Латын Америкасында жағдай одан да күрделі: Latinobarómetro 2024 зерттеуі бойынша өңірдегі халықтың бар-жоғы 41 пайызы полицияға сенетінін көрсеткен. Жалпы алғанда, полицияға сенім деңгейі эконо­микасы әлсіз, қылмыс деңгейі жоғары елдерде төмен болып келеді.
Қазақстандық стратегиялық зерттеу­лер институтының Экономикалық сая­сатты талдау бөлімінің бас ғылыми қыз­мет­­кері, заң ғылымдарының док­торы, про­фессор Марат Жұмағұловтың пікірін­ше, қоғам сенім артатын полиция моделін қалыптастыру үшін кешенді әрі жүйелі ре­форма қажет. Сондай-ақ ғалым бір­қатар жақсы, жемісті жоба бар екенін, тек пилот­тық режимде қалып қалғанын айтады. Қорыта келе, «Қоғамға бағыт­талған поли­ция моделін қалай құруға болады?» деген сұраққа жауап іздеп, бірқатар ұсынысын ортаға салады.

Марат Жұмағұлов, 
ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ Экономикалық саясатты талдау бөлімінің бас ғылыми қызметкері, заң ғылымдарының докторы, профессор:

Қоғамға бағытталған полиция моделін қалай құруға болады?

– Оң өзгерістерге қарамастан, құқық қорғау органдары жүйесінде полицияның қоғам алдындағы беделіне тікелей әсер ет­е­тін жүйелі мәселелер әлі бар. Әлеуметтік сауалнама нәтижелеріне сәйкес, қазақ­стандықтардың шамамен 62 пайызы поли­цияға сенетінін айтса, тағы 27 пайызы «көбірек сенетінін» айтқан. Алайда әр онын­шы респондент (9 пайызы) құқық қорғау органдарына мүлде сенбейтінін мәлімдеген. Сенімсіздіктің себептері тек кей­бір жағымсыз тәжірибелерге ғана емес, одан да терең жүйелі түйткілдерге байлан­ысты. Респонденттердің шамамен төрттен бірі мұны сыбайлас жемқорлықпен, ал тағы 20 пайызы қызметтік міндеттердің формалды әрі тиімсіз орындалуымен байлан­ыстырады. Көптеген азамат өздерін қорғансыз сезінеді, нақты көмек орнына немқұрайлы көзқарасқа немесе бюро­кратиялық жауаптарға тап болып жатады. Бұл жағдай тек техникалық мәселе емес, сонымен қатар сенімнің психологиялық дағдарысын көрсетеді.
Полиция қызметкерлерінің сыбайлас жемқорлыққа қатысы бар деген күдік те қоғамда үлкен алаңдаушылық туғызып отыр. Халықаралық қылмыс құрбандары бойынша зерттеулерге (ICVS) сүйенсек, қазақстандықтардың шамамен 5 пайызы мемлекеттік қызметкерлерден пара талап ету фактісіне кезіккен, оның жартысына жуығы – полиция өкілдері. 2024-2025 жыл­дары құқық қорғау саласында пара­қор­лық, қызметтік өкілеттіктерді асыра пайдалану және дөрекілік сияқты жүздеген заңбұзушылық тіркелді. Мұндай фактілер әділеттілікке деген сенімді әлсіретіп, құқық қорғау жүйесіне деген қоғамдық көзқарасты күрделендіріп отыр.
Бұл сенім дағдарысын еңсеру үшін мемлекет белгілі бір реформаларды қолға алған болатын. Мәселен, 2022 жылы Ішкі істер министрлігі құқықбұзушылықтардың алдын алу және қылмыстық жағдайларды болжау мақсатында арнайы Аналитикалық орталық құрды. Алайда орталықтың жұ­мы­сы тиімділіктен алыс: қазір аймақтар мен ведомство­лар арасында деректердің тиімді интеграциясы қамтамасыз етіл­меген. 2021 жылдан бері БҰҰ Есірткі және қылмыс жөніндегі басқармасының (UNODC) қолдауымен «қоғам­ға бағ­дарланған полиция» (community-oriented policing) тұжырымдамасы негізінде оқыту семинар­лары өткізілуде. Дегенмен бұл тәжірибелер тек пилоттық деңгейде қалып отыр.
АҚШ Мемлекеттік департаменті мен Human Rights Watch секілді халықаралық ұйымдар тұрмыстық және гендерлік зорлық-зомбылықпен күреске қажетті ресурстардың жеткіліксіз екенін атап көрсетеді. Кәмелетке толмағандарды да қамтитын ұстау кезіндегі дөрекі әрекеттер, заңнамалық реформалардың баяулығы мен институционалдық жауапкершіліктің әлсіздігі – мұның бәрі азаматтардың поли­цияға деген сенімін әлсіретіп отыр.
Соған қарамастан, оң өзгерістерге бастауы мүмкін белгілі бір алғышарттар қалыптасып келеді. Мәселен, құқық бұзу, қылмыстық істер және жедел шақыртулар деректерін біріктіретін бірыңғай ақпарат­тық-аналитикалық жүйе енгізіліп жатыр. Бұл жүйе жергілікті деңгейде нақты шешім қабылдауға жол ашуға тиіс. Сонымен қа­тар анали­тикалық орталықтарды дербес құрылым ретінде дамытудың алғышарт­тары бар. UNODC тарапынан әдістемелік кө­мек көрсетіліп жатқан қоғамға бағдар­ланған полиция тұжырымдамасы Канада, Скандинавия елдері мен Ұлыбританиядағы тәжірибеге сүйене отырып енгізіліп жатыр. Сонымен қатар кеңес дәуіріндегі учаскелік полиция жұмысының кейбір тиімді эле­менттері де пайдалы болуы мүмкін.
Полиция мен қоғам арасындағы сенім күшпен емес, ашық қарым-қатынас ар­қылы қалыптасады. Азаматтардың күн­дел­ікті өміріне араласу, нақты және ашық диалог, жұмыс нәтижелерінің айқын болуы поли­цияға деген көзқарасты түбе­гейлі өзгертуге мүмкіндік береді. Бұл ретте полициядағы әйелдердің санына да назар аудару қажет. Бүгінде олардың үлесі небәрі 6-12 пайыз шамасында. Бұл әсіресе тұр­мыс­тық және жыныстық зорлық-зомбы­лық жағдай­ларына әрекет етуде маңызды рөл атқарады. Жәбірленушілер көбіне әйел полицейлерге көбірек сенім артады. Сон­дықтан патрульдік қызметке әйелдерді көптеп тарту және осы бағытта арнайы бөлімшелер құру – әділет, тиімді жұмыс пен сенімге апаратын маңызды қадамдар­дың бірі.
Осал топтарды – балаларды, әйелдерді, мигранттарды қорғау тек арнайы оқыту­мен ғана шектелмейді. Бұл бағытта инсти­туционалдық әдістерді түбегейлі қайта қарау қажет. Қоғамға бағдарланған поли­ция моделін қалыптастыру кешенді тәсілді қажет етеді. Бұл сыбайлас жемқорлыққа қар­сы нақты мерзімдері мен ашық бақы­лау көрсеткіштері бар бағдарламалар қа­былдаудан басталып, аймақтық ерекше­ліктерге бейімделген анали­тикалық жүйе­лер мен community policing негізіндегі ірі жобаларды бүкіл ел бойынша енгізуге дейінгі тұтастықты қамтиды. Сонымен қатар полициядағы әйелдердің санын арттыру, әйелдер мен балалар істеріне арналған бөлімдерді күшейту, қызметкер­лерге психологиялық қолдау көрсету, күйзелістің алдын алу және ротация жүйесін енгізу – жүйенің адамилығын арт­тыратын маңызды факторлар. Қоғам­мен байланыс, есеп беру және ашық түсін­діру жұмыстары – сенімді қалпына кел­тірудің басты құралдың бірі.

Қоғам сенім артатын полиция моделі – жай ғана реформалардың жиынтығы емес, азамат пен мемлекет арасындағы өзара сенімнің тірегі. Сол себепті полицияның рөлі ең алдымен адам құқығын қорғаудан, әділдіктің алғы шебінен табылудан көрінуі керек. Ал ол үшін ашықтық, есеп беру, кәсіби біліктілік пен парасаттылық – құқық қорғау қызметкерлерінің басты ұстанымы мен қасиетіне айналуға тиіс.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары