Өзбекстанда адам шошырлық оқиға болды. Ферғана қаласында дәрігер қателесіп, пациенттің сау аяғын кесіп тастаған. Пациент әйел қайтыс болған, - деп хабарлайды turkystan.kz тілшісі.
Хирург Абдубаннап Мадалимов Ферғана филиалындағы Республикалық мамандандырылған эндокринология ғылыми-тәжірибелік медициналық орталығының хирургия бөлімінің меңгерушісі қызметін атқарған.
Пациент Адинахон Исомитдинова 2024 жылдың 18 қазанында клиникаға жеткізілген. Оған «ауыр формадағы екінші типті қант диабеті, декомпенсация сатысы, ДТС нейроишемиялық түрі, сол аяқтың тізеден төмен ампутациясынан кейінгі жағдай, тізе буынының жаншылған сынуы» деген диагноз қойылған.
«2024 жылдың 9 қыркүйегінен 25 қазанына дейін Абдубаннап Мадалимов өз есебінен еңбек демалысында болған. Осы уақыт ішінде бөлім меңгерушісінің міндетін уақытша Д.Равшанов атқарған. Соған қарамастан, 18 қазанда Мадалимов өз еркімен уақытша меңгерушіні емдеуге қатысудан шеттетіп, оны тәжірибесіз деп көрсеткен. Содан кейін ол пациенттің сол аяғын жамбас тұсынан кесу жоспарын жасаған, алайда оған ешқандай медициналық негіз болмаған. Бұл жоспарды ол медициналық құжатқа уақытша меңгерушінің атынан енгізген», — делінген хабарламада.
Операция 19 қазанда Мадалимовтың бастамасымен кездейсоқ таңдалған медқызметкерлер және арнайы біліктілігі жоқ студенттің қатысуымен жасалған. Операция барысында науқастың ауру сол аяғының орнына сау оң аяғы жамбас тұсынан кесілген.
«Кейін сол аяғы да кесілген, бірақ бұл нақты диагностикасыз жасалған. Екі операцияның ауыр салдарынан әйел 2024 жылдың 7 қарашасында көз жұмды», — делінген сот материалдарында.
2025 жылдың 6 мамырында Қува аудандық қылмыстық істер жөніндегі сотының үкімімен Абдубаннап Мадалимов Қылмыстық кодекстің 116-бабы 3-бөлігі бойынша (Кәсіби міндеттерін тиісінше орындамау) кінәлі деп танылып, ҚК 45-бабын қолдана отырып, 4 жылға бас бостандығынан айырылды және 3 жыл мерзімге Денсаулық сақтау жүйесінде басшылық және дәрігерлік қызмет атқару құқығынан айырылды.
«Сондай-ақ сотталғаннан жәбірленушінің заңды өкілі пайдасына 27 млн 806 мың сом материалдық және 80 млн сом моральдық шығын өндіріп алынды», — делінген хабарламада.
Іс апелляциялық тәртіпте Ферғана облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасында қаралды. Апелляциялық шағымда Мадалимов өз әрекеттерінде қылмыс құрамы жоқ екенін және пациенттің өлімі оның әрекетімен байланысты емес екенін мәлімдеген.
Ал жәбірленушінің заңды өкілі материалдық шығынды 28 млн 995 мың сомға, моральдық шығынды 350 млн сомға дейін ұлғайтуды талап еткен. Апелляциялық инстанция бастапқы үкімді өзгеріссіз қалдырып, екі шағымды да қанағаттандырмаған.