Қостанайда бірнеше жыл бойы борышкерлерден түскен ақшаны өз пайдасына жаратқан жеке сот орындаушысы сотталды, - деп хабарлайды turkystan.kz тілшісі.
Ол 31 адамды алдап, 56 млн теңгеден аса залал келтірген.
Қостанай сотының дерегінше, сотталушы жеке сот орындаушысы қызметін атқарып жүріп, орындау құжаттарын алғаннан кейін борышкерлерге төлем жасау туралы қаулы жолдаған. Ақша аударымдар арқылы немесе жалақыдан ұстап қалу арқылы ол көрсеткен шотқа аударылған.
Алайда ер адам қаражатты өндіріп алушыларға жібермей, өз қалауынша жұмсаған.
Сот оның шын жүректен өкініп отырғанын, кәмелетке толмаған балалары барын және залалды ішінара өз еркімен өтегенін ескерді. Нәтижесінде оған екі жылға бас бостандығынан айыру және үш жыл мерзімге жеке сот орындаушысы қызметін атқару құқығынан айыру жазасы тағайындалды.
Қазақстан Республикасы Конституциясының 30 жылдығына жарияланған амнистия аясында жаза бір жылға қысқартылды. Жәбірленушілердің барлық азаматтық талаптары қанағаттандырылды. Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ.