Премьер-Министр Олжас Бектенов медицина қызметкерлерін қорғауды күшейту және денсаулық сақтау мекемелерінде қауіпсіздікті арттыру бойынша Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмаларының орындалу барысы жөнінде кеңес өткізді, - деп хабарлайды turkystan.kz тілшісі.
Кеңеске Премьер-Министрдің орынбасары Ермек Қошербаев, Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова, Ішкі істер министрі Ержан Сәденов және Әділет вице-министрі Лаура Мерсалимова қатысты.
Денсаулық сақтау министрлігінің деректері бойынша 2019 жылдан бері Қазақстанда дәрігерлерге, фельдшерлерге, мейірбикелерге және басқа да медицина қызметкерлеріне жасалған 170-тен астам шабуыл тіркелген. Ақмарал Әлназарованың айтуынша, медицина қызметкерлеріне жасалған шабуылдарды құқық қорғау органдары қызметкерлеріне жасалған қастандыққа теңестіруді көздейтін бірқатар заңнамалық түзетулерді әзірлеу басталды. Сонымен қатар, смарт-жетон белгілерді енгізу, ауруханаларда кешенді күзет жүйелерін орнату және қабылдау бөлімдерінде тәулік бойы полиция бекеттерін орналастыру жоспарлануда.
Олжас Бектенов медицина қызметкерлерінің қауіпсіздігін қамтамасыз етудің маңыздылығына назар аударды.
«Мемлекет басшысының тапсырмасын орындауды қамтамасыз ету қажет. Медиктерге жасалған шабуылдар құқықтық әдістермен қатаң түрде тоқтатылуы тиіс. Осыған байланысты денсаулық сақтау, ішкі істер және әділет министрліктеріне он күн ішінде қызметтік міндетін атқару барысында медицина қызметкерлеріне күш қолданғаны үшін қылмыстық жаза қарастыратын заңнамалық түзетулерді әзірлеп, енгізуді тапсырамын», — деді Премьер-Министр.
Ішкі істер министрінің мәліметінше, ауруханалардың және перинаталдық орталықтардың қабылдау бөлмелерінде тәулік бойы полиция бекеттері қойылған. Барлығы 115 денсаулық сақтау нысаны күзетке алынды. Оқиғаларға жедел ден қою мақсатында патрульдеу маршруттары аталған мекемелерге жақындатылды. Қазіргі уақытта медициналық мекемелерде қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша жеке шаралар қабылданған. Сонымен қатар, халық арасында алдын алу және түсіндіру жұмыстарын күшейту туралы қосымша тапсырма берілді.