Екібастұз қаласында жылу трассасын тексеру кезінде 500 миллиметрлік құбыр жарылды, деп хабарлайды turkystan.kz.
Қалалық әкімдіктің мәліметінше "Екібастұз жылу желілері" ЖШС 22 шілдеде жылу желілерінде 16 кгс/см² жоғары қысыммен жоспарлы гидравликалық сынақтар жүргізген.
"Сынақтар барысында ТМ-11 жылу магистралінде, "УАК" дүкені маңында диаметрі 530 мм құбыр жарылып, желілер өтетін жерде жол жабыны көтеріліп, тұрақта тұрған автокөліктерге зақым келді", - деп жазылған хабарламада.
Алдын ала мәлімет бойынша 8 автокөлік бүлінген. Қаза тапқандар мен зардап шеккендер жоқ. Кәсіпкерлік нысандары мен ғимараттарға зақым келмеген.
Оқиға орнында полиция қызметкерлері, ТКШ бөлімінің өкілдері және "Екібастұз жылу желілері" ЖШС-нің апаттық бригадасы жұмыс істеп жатыр. Қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Зақым келген мүлік иелеріне "Екібастұз жылу желілері" ЖШС-не Д.Қонаев көшесі, 105А мекенжайы бойынша немесе 8 (7187) 280-958 телефоны арқылы жүгіну қажет. Шығынды өтеу туралы өтініш беру үшін тәуелсіз бағалау туралы қорытынды болуы шарт.