Денсаулық сақтау министрлігі дәрілік заттарды міндетті таңбалау мен қадағалауды енгізудің тиімділігі туралы айтты.
Енді әр қаптаманың қозғалысын өндірістен сатуға дейін бақылауға болады. Бұл тұтынушылар үшін қауіпсіздікті арттырып қана қоймай, қазақстандықтардың қашан және қандай препараттарды сатып алатыны туралы нақты деректерді талдауға мүмкіндік берген.
"Ең көп сатылатын препарат - парацетамол, 3 миллионға жуық сатылды. Әрі қарай, сату саны бойынша натрий хлориді, этил спирті, ацетилсалицил қышқылы және Цитрамон П", - дейді министрліктегілер.
Бір жылдың ішінде барлығы 417 млн дәрілік заттың қаптамасы таңбаланған, бұл нарықтың 60%-дан астамын құрайды. Олардың ішінде 252 млн – импорттық препараттар, 165 млн қаптама Қазақстанда өндірілді.
Таңбалау мен қадағалаудың бірыңғай операторлары жүйесінің мәліметтеріне сәйкес, ең үлкен сұраныс аптаның ортасында болады. Көбінесе қазақстандықтар дәрі-дәрмектерді сейсенбі мен сәрсенбіде сатып алады.
Демалыс күндері сұраныс төмендейді және жексенбіде ең төменгі деңгейге жетеді, жыл бойы бұл күн сатылымда ең "тыныш" болып қала береді.
Еліміздің барлық өңірінде бір жылда 107 млн дәрілік зат сатылған. Ең көп препарат бір жылда Алматы қаласында сатылды – 14,1 млн қаптама. Екінші орында Қарағанды облысы – 9,2 млн қаптама, үшінші орында Шымкент – 4,9 млн. Елордада 4,1 млн дәрі-дәрмек сатылды.