«Серпін» бағдарламасы бойынша білім грантына құжат тапсыру басталды

/
«Серпін» бағдарламасы бойынша білім грантына құжат тапсыру басталды
istockphoto

Оңтүстік өңірдің жастарына "Серпін" бағдарламасымен 3 мыңға жуық білім гранты бөлінді. Қазір Шымкентте 19 оқу орнының қабылдау комиссиясы жұмысын бастады, деп хабарлайды 24KZ.

Бағдарламаның мақсаты – маман тапшылығы жоғары өңірлерге талапкер тарту .

Телеарна тілшісінің хабарлауынша, Нұрболсын Мәметулла болашағын құрылыс және инженерлік саламен байланыстырады. Ұлттық бірыңғай тестілеуден 79 балл жинаған ол "Серпін" бағдарламасымен грант алуға үмітті. Талапкер Көкшетау қаласындағы жоғары оқу орны туралы ақпаратпен танысты.

"Жергілікті жерге қарағанда бізге "Серпін" бағдарламасымен солтүстікке  грантқа түсуге мүмкіндік көп. Бұйырса қолымызға дипломды алғаннан соң өздері жұмыс ұсынып, жоғары жалақы беріп жатса, сол жақта қалуға дайынмын", - дейді талапкер.

Университет өкілдері "Серпін" бағдарламасының өзге де артықшылығын түсіндіру үшін үгіт-насихат жүргізді. Айтуларынша, оқуға қабылданған студенттер тегін білім алып, ай сайын стипендиямен қамтамасыз етіледі. Сонымен қатар тұлғалық және шығармашылық қабілетін дамыту үшін үйірмелерге қатысуға мүмкіндік алады.

"2014 жылға дейін Өскемен қаласында оңтүстік өңірдің жастары өте аз оқитын болса, қазіргі таңда серпіннен бөлек жалпы грантпен де түсіп жатқандар "Серпіннің" санынан көп деп айтуға болады. Шығармашылық жұмыспен де ғылыми жұмыспен де айналысамын десе бізде оларға арналған клубтар, үйірмелер бар", - дейді университет өкілі Бақдәулет Анас.

Оңтүстік өңірдің жастары солтүстік, шығыс және орталық Қазақстаннан 19 университетке оқуға шақырылды. Талапкерлер 20 шілдеге дейін электронды үкімет порталы арқылы немесе қабылдау комиссиясына келіп құжат тапсыра алады.

"Серпін" бағдарламасы бойынша жалпы биылғы оқу жылына 3 мыңға жуық грант бөлінген. Олардың негізгі басым бағыттары техникалық, ауылшаруашылығы, инженерлік, педагогикалық бағыттар", - дейді қабылдау комиссиясының жауапты хатшысы Талғат Зәуірбек.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары