«AMANAT» партиясы металлургтерді кәсіби мерекемен құттықтады

«AMANAT» партиясы металлургтерді кәсіби мерекемен құттықтады
«AMANAT» партиясының баспасөз қызметі

Металлургтер күні қарсаңында «AMANAT» партиясы металлургия саласындағы кәсіпорындардың еңбек ұжымдарымен салтанатты кездесулер өткізуде. Мемлекет басшысы жариялаған Жұмысшы мамандықтары жылы аясында ұйымдастырылған іс-шаралар Қарағанды, Қостанай және Павлодар облыстарында өтті.

Кәсіби мерекеге орай партия мүшелері түрлі форматтағы іс-шаралар ұйымдастырды. Атап айтқанда, мерекелік концерттер, спорттық жарыстар, дөңгелек үстелдер мен марапаттау рәсімдері өтті.

Қарағандыдағы кездесу партияның облыстық филиалында өтті. Аймақтағы ірі өндіріс орындарының қызметкерлерімен қатар шағын кәсіпорын жұмысшылары да кәсіби мерекеге орай арнайы шақырылды. Қатысушыларға алғыс хаттар мен ақшалай сертификаттар табысталды. Сала дамуына ұзақ жылдар бойы үлес қосқан тәжірибелі мамандарға ерекше құрмет көрсетілді.

Сонымен қатар кездесу барысында еңбек қауіпсіздігі, зейнетақымен қамтамасыз ету, жас мамандарды қолдау, өндірістегі жағдайды жақсарту және тұрғын үй бағдарламалары сияқты маңызды мәселелер талқыланды.

Жиында «AMANAT» партиясы Қарағанды облыстық филиалының төрағасы Бекзат Алтынбеков металлургия – Қарағандының ғана емес, тұтас ел экономикасының тірегі екенін атап өтті.

«Мұндай күрделі де жауапты салада еңбек ететін әр маман құрмет пен қолдауға лайық. «AMANAT» партиясы жұмысшылардың қауіпсіздігі мен жалақы мәселесінен бастап, зиянды өндіріс орындарында еңбек ететін азаматтардың мерзімінен бұрын зейнетке шығуына қатысты заңнамалық бастамаларды тұрақты назарда қолдап келеді» – деді ол.

Сондай-ақ сала ардагері, өңірлік металлургтер кәсіподағының төрағасы Вадим Басин бұл мерекенің металлургтер үшін ерекше мәнге ие екенін атап өтті. Ол партия қолдауы сөз жүзінде емес, нақты істер арқылы жүзеге асып жатқанын айтты.

«Бұл күн – біз үшін жай мереке емес. Бұл – біздің күрделі әрі жауапты еңбегімізге көрсетілген құрмет. Біз үшін «AMANAT» партиясының нақты істермен қолдау көрсетуі – аса бағалы. Еңбек жағдайын жақсарту, кәсіптік аурулардың алдын алу мен емдеу жүйесін дамыту және әлеуметтік құқықтарды қорғау бағытындағы бастамалар орталық және жергілікті деңгейде қолдау тауып отыр», – деді Вадим Басин.

Айта кету керек, «AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасы аясында Қарағандыда Қоғамдық денсаулық сақтау және кәсіптік денсаулық институтының жұмысы қайта жанданды. Сонымен қатар партияның бастамасымен мерзімінен бұрын зейнетке шығу туралы заң қабылданды. Соңғы бір жарым жылда бұл мүмкіндіктің арқасында 15,5 мыңнан астам адам, оның ішінде Қарағанды облысында 2,5 мыңнан астам азамат мерзімінен бұрын зейнетке шықты. Бұл – еңбек адамын әлеуметтік және құқықтық тұрғыдан қорғауға арналған нақты шаралар.

Павлодар облысында салтанатты іс-шара «Қазақстан алюминийі» АҚ өндірістік алаңында өтті. Бұл күні саланың үздік қызметкерлері партия басшылығы атынан марапатталып, алғыс хаттарға ие болды.

Партияның облыстық филиалы жетекшісінің міндетін атқарушы Айгүл Мұхамедиярова металлургия саласының маңыздылығын ескеріп, өндіріс ошақтарындағы жұмысшыларды қолдау әрдайым мемлекет назарында болатынын жеткізді.

«Металлургтердің кәсіби біліктілігі мен табанды еңбегі еліміздің өндірістік әлеуетін нығайтуға айтарлықтай үлес қосып отыр. Еңбек адамын қолдау – партия қызметінің негізгі басымдықтарының бірі. Металлургтерге құрмет көрсету – олардың ел өндірісіне қосқан нақты үлесін бағалаудың жарқын көрінісі», – деді ол.

Ал Қостанай облысы Рудный қаласында Жұмысшы мамандықтары жылына орай өткен «Соколов-Сарыбай тау-кен байыту өндірістік бірлестігі» АҚ-ның Жазғы спартакиадасы өз мәресіне жетті.

Бір айға созылған жарысқа Еуразиялық топтың 600-ден астам қызметкері қатысып, тоғыз спорт түрі бойынша 168 жүлде жиынтығын сарапқа салды. Бағдарламада мини-футбол, баскетбол, волейбол, үстел теннисі, жүзу, кросс, функционалдық фитнес және жеңіл атлетикалық үшсайыс секілді спорт түрлері болды.

Қатысушылардың басым бөлігі – «AMANAT» партиясының белсенді мүшелері, бастауыш партия ұйымдарының төрағалары мен қалалық мәслихат депутаттары. Олардың бұл іс-шараға қатысуы – партия өміріне белсене араласып, ұжымның ынтымағын арттыру, салауатты өмір салтын насихаттау жолындағы нақты әрекет.

Спартакиада негізгі ұйымдастырушыларының бірі – «Көлік кешені» АҚ бастауыш партия ұйымының төрағасы Александр Лунев жарыстың бас төрешісі болды.

«Біздің ұжым үшін бұл спартакиада – маңызды дәстүрге айналған. Іс-шара барлық қызметкердің бір мүдде жолында бірігуіне ықпал етеді. «AMANAT» партиясы қызметкерлерді дамыту, ұжымды нығайту және корпоративтік мәдениетті ілгерілетуге бағытталған бастамаларды үнемі қолдап келеді. Бастауыш партия ұйымдары мен депутаттардың бұл іс-шараға қатысуы – елмен етене болу, ортақ іске атсалысу және жақсы үрдіске жол ашу секілді партия ұстанымының нақты көрінісі» – деді ол.

Жарыстың бас кубогын Соколов-Сарыбай тау-кен байыту өндірістік бірлестігінің басқармасы мен шағын цехтар командасы жеңіп алды. Ерекше көзге түскен спортшылар жеке марапаттарға ие болды. Олардың көпшілігі – тек жұмыста ғана емес, қоғам мен партия өмірінде де белсенділік танытып жүрген азаматтар.

Айта кетейік, «AMANAT» партиясы Мемлекет басшысының саяси бағытын жүйелі түрде жүзеге асырып келеді. Партия бастамасымен қолға алынған «Жұмысшы жастар аманаты» жобасы аясында өңірлерде жастарға баспана беру, кәсіби білімін арттыру, қызметтік өсуін қолдау сияқты кешенді шаралар қолға алынған. Сонымен қатар жеңілдетілген ипотека, тәлімгерлік және кәсіби бағдар сияқты өңірлік бағдарламалар да жүзеге асырылуда.

«AMANAT» партиясы өндіріс саласындағы мамандарға қолдау көрсету ісін жүйелі түрде жалғастырады. Олардың күнделікті еңбегі – ел экономикасын дамыту мен өнеркәсіптік әлеуетті нығайтудың басты қозғаушы күші.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары