«Туристер шағым түсірген»: Жетісу облысында шошқа шаруашылығы жабылды

«Туристер шағым түсірген»: Жетісу облысында шошқа шаруашылығы жабылды
gov.kz

Жетісу облысы Алакөл ауданы Үшбұлақ ауылдық округінің аумағындағы шошқа шаруашылығы туристер шағымынан кейін жабылған, деп хабарлайды turkystan.kz Экология және табиғи ресурстар министрлігіне сілтеме жасап.

Әлеуметтік желілерде жүргізілген мониторинг нәтижелері бойынша Жетісу облысы Алакөл ауданы Үшбұлақ ауылдық округінің аумағында шошқа өсірумен айналысатын «Qaratas» ШҚ маңынан жағымсыз иіс шығатыны жөнінде материалдар жарық көрді.

"Бейнеролик биыл 21 сәуірде жарияланып, дереу уәкілетті мемлекеттік органдармен тиісті жұмыс жүргізілді. Атап айтқанда, Жетісу облысы бойынша экология департаменті шаралар қабылдау үшін Алакөл ауданының полиция бөліміне хат жолдады, тиісінше табиғат қорғау полициясының қатысуымен тексерулер жүргізілді. 22 сәуірде шаруа қожалығының иесі туристер үшін әкелінген жабайы шошқаларды (өсіру мақсатында емес) әкеткен. Анықталған бұзушылық толығымен жойылды.

Сондай-ақ, Жетісу облысының Жер ресурстарын басқару департаменті жоспардан тыс тексеру жүргізді, оның нәтижелері бойынша жер учаскесінің нысаналы мақсатымен көзделмеген күрделі объектілердің құрылысы анықталды.

Шаруашылық басшысына қатысты әкімшілік шаралар қабылданып, аталмыш бұзушылықтарды жою туралы нұсқама берілді.

2025 жылдың шілде айында оқиға орнын қосымша визуалды тексеру барысында шошқа өсіру жұмыстары тоқтатылғаны белгілі болды, табиғи ландшафт қалпына келтіріліп, Қарабұлақ өзенінің сағасында жаяу туристердің сүйікті серуендеу орны қайтарылды", – делінген хабарламада.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары