"Қазгидромет" РМК бүгін, 16 шілде күні Қазақстанның 16 өңірінде ауа райына байланысты дауылды ескерту жариялады.
Синоптиктердің болжамынша, аптап ыстық, нөсер жаңбыр, бұршақ пен күшті жел күтіледі. Бірқатар аймақта өрт қаупі жоғары.
Батыс Қазақстан, Атырау, Ақтөбе облыстарында найзағай, бұршақ, дауыл және 15-20 м/с-қа дейін жететін жел күтіледі. Аталған өңірлерде күн 35-38°С-қа дейін ысиды. Көптеген аудандарда төтенше өрт қаупі сақталады.
Маңғыстау облысында 38-42°С аптап ыстық болады. Ақтау қаласында төтенше өрт қаупі күтілуде.
Ұлытау мен Қарағанды облыстарында 35-39°С аралығында қатты ыстық тіркеледі. Жел екпіні 15-18 м/с дейін жетуі мүмкін. Өрт қаупі айтарлықтай жоғары.
Түркістан, Қызылорда, Жамбыл облыстарында да аптап ыстық 38-40°С-қа дейін барады. Шөлді және таулы аудандарда жел күшейіп, өрт қаупі төтенше деңгейде сақталады.
Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Ақмола, Шығыс Қазақстан және Абай облыстарында найзағай, бұршақ және қатты жаңбыр күтіледі. Кей жерлерде жел екпіні 20-25 м/с-қа жетеді. Сонымен қатар, бұл аймақтарда да қатты ыстық және жоғары өрт қаупі болжанған.
Алматы облысының таулы аудандарында найзағай болып, жел екпіні 20 м/с-қа дейін жетеді.
Қарағанды мен Жезқазғанда 35-36°С ыстық болады.
Петропавл мен Көкшетауда бұршақ пен найзағай болуы ықтимал.
Шымкент пен Түркістанда ауа температурасы 40°С-қа дейін көтеріледі.
ТЖМ мен синоптиктер тұрғындарды ауа райының қолайсыздығына дайын болуға және сақтық шараларын сақтауға шақырады.