Сарысу аудандық соты отбасылық-тұрмыстық қатынастар аясында құқыққа қайшы әрекеттерді бiр жыл iшiнде қайта жасағаны үшін Б.-ға қатысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы істі қарады, деп хабарлайды turkystan.kz.
Іс материалдарына сәйкес, Б. бұған дейін ӘҚБтК 73-бабының 1-бөлігі бойынша жауапкершілікке тартылған болатын. Алайда, осыған қарамастан, 2025 жылдың маусымында азамат Б. үйде болған кезінде келіні Ж.-ны дөрекі түрде балағаттап, оның тыныштығын бұзған.
Сот отырысында Б. өзінің кінәсін мойындап, өкініш білдіріп, кешірім сұрады. Жәбірленуші Ж. қайын атасы оны мас күйінде балағаттағанын растап, бірақ қазіргі уақытта оны кешіргенін айтты.
Құқық бұзушының кінәсі жәбірленушінің арызымен, тараптардың айғақтарымен, хаттамамен және құқықтық статистика органының мәліметтерімен расталды.
Сот істі жан-жақты зерделеп, Б.-ның кінәсін толық дәлелденген деп таныды.
Сот қаулысымен Б. ӘҚБтК 73-бабының 2-бөлігі бойынша кінәлі деп танылып, оған 10 тәулік мерзімге әкімшілік қамаққа алу түріндегі жаза тағайындалды.
Қаулы заңды күшіне енді.