Жаңаөзендік жас спортшы Айбек Ораз Индонезияның Богор қаласында өткен жамбы атудан жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатында алтын жүлдені иеленіп, ел тарихындағы алғашқы әлем чемпионы атанды.
Бұл – Қазақстанның жамбы ату спорты тарихындағы бұрын-соңды болмаған жетістік. 15 елден келген 50-ден астам жас мергеннің ішінен Айбек Ораз ерекше дәлдігімен, шапшаңдығымен дараланып, халықаралық аренада көк байрағымызды биікте желбіретті.
Сондай-ақ, Жаңаөзеннің тағы бір үмітті спортшысы Айдар Әділгерей осы жарыста қола жүлдені иеленіп, ел намысын абыроймен қорғады. Айдар – Қазақстанның үш дүркін, ал Айбек – екі дүркін чемпионы. Екі спортшы да – ұлттық спортқа бала кезден берілген, еңбекқорлық пен тәртіптің үлгісі.
Бұл жарқын жеңістер – олардың бапкері, Сәнім Мұрадованың ұзақ жылғы еңбегі мен қажырлы дайындығының нәтижесі.
«Бұл жеңіс спортшылардың күнделікті тер төккен жаттығулары мен ерік-жігердің нәтижесі. Екеуі де еліміздің атын шығарсам деген арманмен өсті. Бүгін сол арман орындалды. Алда бұдан да биік белестерге жетеміз деп сенемін!», - деді бапкер Сәнім Мұрадова.