Перизат Қайраттың бухгалтері қордың есебі қалай жүргізілгенін айтты

/
Перизат Қайраттың бухгалтері қордың есебі қалай жүргізілгенін айтты
Ғаламтор

«BizBirgemiz Qazaqstan 2030» қорының бұрынғы басшысы Перизат Қайратқа қатысты сот отырысында оның бухгалтерінен жауап алынды, деп хабарлайды turkystan.kz.

Ол 2019 жылдан бастап Қайратқа жеке кәсіпкерлікке құжаттарды рәсімдеуге көмектескенін, ал 2024 жылы қашықтан Rebel Flowers компаниясының бухгалтериясын жүргізгенін және банк шоттарына қолжетімділігі болғанын растады.

Куәгердің айтуынша, ресми еңбек шарты болмаған, қызметтер ауызша келісім бойынша көрсетілген. Перизат Қайратпен байланыс негізінен мессенджер арқылы жүзеге асқан.

2023 жылдың желтоқсанында Перизат Қайрат Палестинаға көмек ретінде жиналған қаражат туралы есеп дайындауды сұраған. Куәгер бұл үшін 100 мың теңге алып, WhatsApp арқылы фотолар мен құжаттардың сканерленген көшірмелерін алған. Есеп еркін түрде жасалып, кірістер мен шығыстар туралы ақпарат Қайраттың сөзіне негізделген. Бухгалтер түпнұсқа құжаттарды көрмеген.

«Мен тек барлық сандарды біріктіріп жаздым, ал құжаттарды Перизаттың өзі қоса беруі тиіс болатын. Ол жерде сертификаттар, ақша аударымдарына өтініштер және өкілдермен жазысқан хаттар болған, бірақ олардың барлығы шет тілінде еді», – деді ол.

Сот барысында 2024 жылғы су тасқыны кезінде Перизат Қайрат заңды тұлғалардан ақша аударғысы келгендер үшін қор атынан хаттар дайындауға көмектесуді сұрағаны да айтылды. Куәгер хаттар мен келісімшарттардың үлгілерін дайындап берген.

Бұдан бөлек, оның айтуынша, Қайрат киіз үйлер мен биодәретханалар сатып алуға арналған ақшаны қолма-қол шешіп алу үшін жеке кәсіпкерлерді тауып беруді сұраған.

«Ол жеткізушілермен есеп айырысу тек қолма-қол түрде ғана мүмкін екенін айтты. Мені дайын тауардың суреттері мен хабарламалары бар чатқа қосты, бірақ Қытайдан құжаттар келмеді», – деді куәгер.

Қорға нақты тауарлардың жеткізілгені туралы сұраққа ол бұл жөнінде ақпараты жоқ екенін айтты. Сондай-ақ, өзі дайындаған келісімшарттардың қол қойылған-қойылмағанын да білмейтінін жеткізді. Соңында куәгер бұған дейін үш рет жауап бергенін және бұрынғы жауаптарын толығымен растайтынын мәлімдеді.

Сот іс қарауын жалғастырып жатыр.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары